Covid-19 пандемиясына жазда нүкте қойыла ма - Нью-Йорктегі дәрігермен эксклюзивті сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Этникалық украиналық Евгений Перепада 1989 жылы АҚШ-қа көшіп кеткен екен. Нью-Йорктегі ауруханалардың бірінде жедел жәрдем қызметінде болған ол Covid-19 дертімен өзі де ауырып, аман қалыпты.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен эксклюзивті сұхбатта америкалық дәрігер Covid-19 пандемиясына қатысты пікірімен бөлісті.

- Евгений мырза, АҚШ-тағы, оның ішінде Нью-Йорктегі коронавирус инфекциясының өршу жағдайы туралы айтып бере аласыз ба? Індетті жұқтырғандардың азаятын түрі бар ма?

- Қазір әлбетте вирусты жұқтырғандардың саны азайып келеді. Алғашында адамдар емханаға жүздеп түскен болатын. Қазір олай емес. Наурыздағы жағдайға қарағанда емханаға түскендердің саны 50 пайызға азайып қалды.

- Біздің білуімізше, Сіз коронавирус инфекциясын жұқтырып, жазылған екенсіз. Осы туралы толығырақ айтып бере аласыз ба? Ауру қанша күнге созылды? Сізді карантинде қанша уақыт ұстады?

- Бойымнан алғашқы ауру белгілері 8-10 наурыз күндері біліне бастады. Бүкіл денем ауырып, белім айналып, иығым, мойным ауырлады. Ауру қозып, тамағымнан да білінді. Бұрын бұлай ауырып көрмеген едім. Тұмау болмағаны анық. Ең қызығы, алғашқы күндері қызуым 38 градустан жоғары көтерілмеді. Алайда ауру бірнеше күннің ішінде анық сезіліп, жөтел, қатты әлсіздік байқалды. 5-6 метрдегі жатын бөлмеге немесе дәретханаға барудың өзі қиынға айналды. Жата бергің келеді екен. Бұл белгілер 7-8 күнге созылып, артынша жағдайым оңала түскендей сезілді. Тағы екі күннен кейін қалыпты жағдайға келдім. Есептесем 14-15 күнге созылған екен. Қызуым бір аптаға созылды. Әлсіздік қинады. Демалу мүмкін болмай, ұйықтап жата бергім келді. 10 күн бойы дәм мен иісті сезбей қалдым. Дәм сезу қабілетім қайтып келгенімен иіс сезу әлі 100 пайыз қалпына келген жоқ.

- Карантинде қанша уақыт жаттыңыз?

- Карантинге өзімді-өзім қамадым. Қанша дегенмен дәрігермін ғой. Карантинде қанша уақыт қалғыңыз келсе де – өз еркіңіз. Себебі Нью-Йоркте онсыз да жұмыс орындарының бәрі тоқтап қалған. Әйтсе де мен емханада жұмыс істеймін. Сол себепті бізге дене қызуы болмаса міндетті түрде жұмысқа шығу керек. Мұндай стандарт барлық жерде енгізілген. Емделгеннен кейін жұмысқа шығу міндет. Осылайша 15 күннен кейін жұмысқа қайтып келдім.

- Сіз вирусты пациенттерден жұқтырып алдыңыз ба?

- Солай болуы керек. Себебі олармен күнде көрісіп, жұмыс істеймін.

- Карантин туралы айтар болсақ, Штаттардағы карантин тәртібі туралы айтып бере аласыз ба?

- Кинотеатрлар мен мейрамханалардың бәрі жабық. Тек тамаққа тапсырыс бере аласыз. Бизнестің бәрі де жабылып қалды. Адамдарға үйде отыруға және мүмкіндігінше басқа жерге шықпауға кеңес беріледі. Жалпы еш жерге шықпау керек. Адамдар арасында екі метр қашықтықты сақтау міндет. Сыртта жүрсеңіз, маска киюге міндеттісіз. Бірақ менің ойымша, бұл жеткіліксіз. Тәртіпті күшейткен абзал. Мәселен, Қытайда адамдарға тамақ, дәрі-дәрмек сатып алудан немесе дәрігермен кеңесу керек жағдайдан басқа мүлде сыртқа шығуға тыйым салынады. Вирус өте тез тарайды. Адамдар үлкен үйлерде тұрса да, қауіптен құтылдым дей алмайды. Вирус тіпті лифтте де таралады. Егер жұқтырған адам лифтпен жүрсе, инфекция екі сағат ішінде ауада қалқып тұратынын ұмытпау керек. Осы уақытта лифтке кірген кез-келген адам оны вирусты жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан сіз үйде көбірек болуыңыз керек. Әсіресе, 8 миллион адам тұратын Нью-Йоркте. Мұнда адамдардың вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары.

- Ауру жұқтырған кезде үрейлендіңіз бе?

- Шынымды айтсам, қатты қорықтым. Байбалам салған кездер де болды. Вирус жұқтырған кезде дереу бөлмеме оқшауландым. Мен оқшауланғаннан кейін 7-ші күні жаңа туған қызым (ол кезде небәрі 6 апталық еді) да індетті жұқтырып алды. Оның қызуы көтерілді. Ауруханаға баруға тура келді. Аурудың 15-ші күні әйелім ауырып қалды. Олардан да коронавирус расталды. Міне осы кезде қатты сескендім. Қызым мен әйелімнің өмірі үшін, өз өмірім үшін қатты қорықтым. Дәл сол кезде - әйелім ауырып қалған уақытта емханаға да жылжитын уақыт келіп қалды. Менде мұндай үрей сезімі ешқашан болған емес, өйткені мұндай жағдайда ертең не болатынын білмей дал болады екенсің. Қазір Кұдайға шүкір, бәрі жақсы. Әйелімнің бойындағы белгілері менікіндей қатты болмағанын айта кету керек. Оның температурасы бір апта көтерілді. Тыныс алуында қиындық болмады. Пневмония байқалмады.

- Штаттардан қазір коронавирус жұқтырған адамдарды қалай емдеп жатыр?

- Бізде емдеу әдістері көп әрі әртүрлі. Бірақ шынын айтсам, ештеңе көмектеспейді. Бізді әу баста антибиотиктермен қатар пневмонияға, безгекке қарсы дәрі-дәрмекпен емдей бастады. Ауру жеңіл өтсе, жақсырақ. Бірақ барлық орган вирустан зардап шеккенде, мұның ешқайсысы көмектеспейді. Әртүрлі компания вирустарға қарсы көптеген дәрі шығарып та жатыр. Бірақ олар көмектесетін емес. Қазір медицина қызметкерлері науқастан науқасқа қан құя бастады. Бірақ оның да көмегі шамалы. Бұл жағдайда көмектесе алатын жалғыз нәрсе - уақыт. Бірақ жасанды желдетуді қажет ететін пациенттер, шын мәнінде, ол аппараттан бір сәтке алыстай алмайтынын ескертемін. Бізде аппаратта бір айдан астам уақыт бойы жатқан науқастар бар.

Бір жаңашылдық бар - кейінгі кезде біз адамдарды желдеткіштерге қоспауға тырысамыз. Ол аппараттарды адамдардың кеудесіне қоямыз да, тыныс алу қиынға соғатын адамдарға дем алуды жеңілдететін арнайы маска кигіземіз. Бұл сәл жақсы тыныс алуға көмектеседі. Кейбір тәжірибелік препараттар бар, бірақ олардың көмектесетін-көмектеспейтінін нақты айтуға әлі ертерек.

- Коронавирустың алдын алуға қатысты халықтық сипатта әртүрлі кеңестер айтылып жатыр. Біреу зімбір, екіншісі усарымсақ, үшіншісі ішімдік инфекциядан қорғайтынын айтуда. Мұндай тұжырымдармен келісесіз бе?

- Біз АҚШ-қа 1989 жылы СССР-дан көшіп келдік (күледі). Менің әке-шешем усарымсақ, лимон, 100 грам арақ ішу секілді амал-әдісті жақсы көреді. Совет кезінен бері келе жатқан сол буын әлі де мұндай тұжырымдарға сенеді. Бірақ мен басқа жағдайда өстім. Сол себепті сене бермеймін. Алдын алу болсын, аурудың басқа түрі болсын пікірім солай. С дәрумендері, мультивитаминдер... Алайда өзіңіз айтқан амал-әдістер көпке пайдалы дегенді айта алмаймын. Дәрігер болғанымнан шығар.

- Бізде алғашқы күннен бастап көшеде маска тағып жүру керек пе, жоқ па деген сұрақ аясында пікірталас жүріп жатыр...

- Масканы көшеде киіп жүру керек. Оны пәтерден шығар алдында дереу киіп алған абзал. Бір ғана мысал: сіз көшеде келе жатырсыз делік. Қарсы жүрген адам түшкіреді. Егер ол коронавируспен ауырса, бұл вирус ауада 8 сағатқа дейін өмір сүре алады. Егер ол қандай да бір беткейге түссе де, ол жерде сақталып тұрады. Міне, сол себепті масканы үнемі кию керек. Бұл сізге вирусты жұтып қоймай, қолыңызды аузыңызға албаты тигізбеуге де көмектеседі. Адамдар күніне жүз реттен артық еріксіз бетіне қолын тигізеді, оны басқару қиын. Масканы көшеде киюге болмайды деген ұсыныстардың өзі дұрыс емес. Маска кию арқылы сіз өзіңізді өзгеден, өзгені өзіңізден қорғайсыз. Қолды үнемі жуып тұру керек. Қанша дегенмен бұл аурудың алдын-алуға көмектеседі. Өзім де қолымды бірнеше рет жуамын да, артынша арнайы крем жағамын.

- Қазақстанда вирусты жаппай жұқтырудың алдын алу үшін қатаң карантин шаралары енгізілген. Азаматтарға албаты көшеде қыдыра бермеуге кеңес беріледі. Әйтсе де адамдардан қазір сабыр қаша бастаған. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

- Сіз айтқан сабыры қашқан азаматтар бір сәтке Нью-Йоркте не болып жатқанын көру керек. Сонда ғана олар ашуын ауыздықтай алады. Күн сайын мұнда мыңдаған адам қайтыс болады. Егер олар бүлік шығарса және карантинде қалғысы келмесе - өздерінің шешімі. Мұны түсінбейтін және талапты орындағысы келмейтін адамдармен жұмыс жүргізу қиын. Қалай болғанда да, сізге карантин керек. Әйтпесе сіз бұл вирусты тоқтата алмайсыз. Біреулер бұл вирус жаздың өзінде жойылады дейді. Маған сеніңіз - бұл вирус жазда жойылмайды! Карантин ашылғаннан кейін вирус қайтып оралады. Сондықтан адамдар еш себепсіз ашуланады, менің ойымша. Мысалы, мен де серуендегім келеді, мейрамхана мен кинотеатрға барғым келеді. Әсіресе менің кішкентай қызым болғандықтан қыдыруды қалаймын. Достармен кездесіп, ата-анама барсам деймін. Мен де қалыпты өмір сүргім келеді. Бірақ қазір бұл мүмкін емес.

- Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарасақ, еліміздегі кейбір адамдар коронавирусты жұқтырып, қайтадан жазылып шыққандарына сенімді. Тек олар бұл ауруды кәдімгі тұмау деп ойлағандарын айтады. Бұл адамдардың тұжырымымен келісесіз бе?

- Бір қызығы, шынымен де сондай адамдар бар. Олар коронавируспен ауырған, бірақ оны байқамаған. Яғни, олардың бойындағы ауру белгілері соншалықты айқын көрінбеген. Неліктен бұлай екенін айта алмаймын. Кейбіреулердің неге коронавирустан қайтыс болып кететінін, ал басқалары тіпті ауруды мүлде сезбей қалатынын түсіну мүмкін болмай тұр. Қазір бұл құбылысты түсіндіру мүмкін емес. Мысалы, коронавируспен ауыратын науқастардың иммундық жүйесінде коронавирусты қабылдамауға көмектесетін IGG жасушалары пайда болады. Бірақ олардың адам ағзасында қанша уақыт болатынын ешкім білмейді. Менің өзім де кем дегенде бір жыл осы вируспен ауырмайтыным туралы үміт бар ма - мұны ешкім білмейді. Оңтүстік Кореяда коронавирусты жұқтырған адамдар тағы да осы дертке шалдықты деген ақпарат бар. Бірақ бұл мәлімет расталған жоқ.

- Сөз соңында АҚШ-та коронавирустан көз жұмғандарды қалай жерлеп жатқанын білсек деп едік...

- Бұл ең қиын мәселе. Ол туралы ойласам, жүрегім ауырады. Біздің ауруханаға пациенттер (кез келген аурумен) түскен кезде туыстары оларға енді бара алмайды. Ешкімді кіргізуге рұқсат жоқ. Адам осылайша жападан жалғыз көз жұмады. Оларға көмектесу үшін мен туыстарына Whats App және Skype арқылы қоңырау шалып жатамын, олардың көзінше телефон ұстап беремін. Көз жұматын адам қоштасып, отбасына соңғы сөзіп айтып жатқан кезде жүрегің ауырады. Коронавируспен ауырып, төсекте жатқан адамға медициналық қызметкерлерден басқа ешкімді кіргізуге болмайды. Адам коронавирустан қайтыс болған кезде оның денесі мәйітханаға жіберіледі. Осыдан кейін ол тиісті рәсімдерсіз және туыстарының қатысуынсыз туыстарының шемімен жерленеді немесе крематорийге жіберіледі. Нью-Йоркте Манхэттеннің жанында арал бар. Сол жерде коронавирустан қайтыс болған мыңдаған адам жерленген... Бұл өте қорқынышты, сондықтан өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз, режимді сақтаңыз! Бұл үндеу жер шарындағы барлық адамзатқа арналған.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар