COVID-19 шалдыққандарға медициналық көмекті ұйымдастыру мәселесі талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният COVID-19 шалдыққандарға медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өткізді,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Ғинияттың айтуынша, СОVID-19 инфекциясымен күреске мемлекет барлық күш-жігері мен қажетті құралдарды пайдаланды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қажетті медициналық жабдықтармен, жаңа модульдік инфекциялық стационарлар салу бойынша шаралар қабылданды, қаражат бөлінді. КВИ емдеу және диагностикалау хаттамасы, іс-қимыл алгоритмі әзірленді және үнемі жетілдірілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде КВИ-дің таралуы бойынша жағдай өткен жылдан бастап біршама тұрақтанды әрі төмендей бастады.

«Бүгінде халық арасында КВИ ауруының өсуін ескере отырып, жергілікті жерлердегі дәрігерлер тіркелген халықты, бірінші кезекте Д-есепте тұрғандарды тексеру бойынша жұмысты жалғастыру, жағдайы ауыр науқастарды дер кезінде анықтау қажет. Сонымен бірге, оларды ауруханаға жатқызу үшін коронавируспен ауырғандарға мониторинг жүргізу керек. Жергілікті жерлерде жұмысқа мобильді бригадаларды белсенді тартқан жөн. Олар өз бетінше диагноз қойып, ем тағайындауы тиіс. Денсаулық сақтау басқармаларына КВИ белгілері, вакцинациялаудың артықшылықтары бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет», - деді вице-министр.

Министрліктің Facebook парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, кеңес барысында, миокард инфарктісі және жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу, инсульт пен онкологиялық ауруларды басқару бойынша Үйлестіру кеңестерінің жұмысы қорытындыланды.

Үйлестіру кеңестерінің ұсынымдары бойынша КВИ этиологиясы мен патогенезін ескере отырып, қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерге ерекше назар аудару, пациенттерді динамикалық бақылауды жолға қою, пациенттерді амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ мамандандырылған орталықтарды материалдық және кадрлық қамтамасыз етуді күшейту маңызды.

Кеңес жұмысына облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтау басқармалары басшыларының орынбасарлары, миокард инфарктісі және жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу жөніндегі Үйлестіру кеңестерінің, инсульт және онкологиялық аурулар басқармаларының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Соңғы жаңалықтар