COVID-19 жұқтыруы мүмкін автобус жолаушылары Түркістан блокбекетінде анықталған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - COVID-19 пандемиясының алдын алу мақсатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кешенді қауіпсіздік шараларын қабылдады. Солардың бірі ретінде 18 наурыздан бастап Алматы және Қызылорда бағытындағы шекаралық аймақтарда орналасқан «Сауран» және «Шақпақ» пунктерінде тәулік бойғы блокбекеттер қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл бекеттерде полиция және медицина мамандары әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуларын өлшеп, тексерістен өткізуде.

«Аталған блокбекеттердің жүйелі жұмысының арқасында Шымкент-Нұр-Сұлтан бағытындағы (мемлекеттік тіркеу нөмірі - kz 646 FNB, 13-өңір) автобуста коронавирус жұқтырған азаматпен бірге келген 56 адамның нақты дерегі анықталып отыр. Көліктегі жолаушылар туралы толық ақпаратты Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Шақпақ бекетінің қызметкерлері 20 наурыз күні жазып алған. Қазіргі кезде аталған азаматтар оқшаулануға алынды. Алдағы уақытта облыс тұрғындарын сақтық шараларын күшейтіп, салғырттық танытпауға шақырамыз», - деді өңір әкімдігінен.

Жалпы, 18 наурыздан бастап сақтық мақсатында Түркістан облысының шекаралық учаскелеріне 35 блокбекет қойылған. Оның ішінде 31-і елді мекендерде, ал 4-і теміржол вокзалы мен станцияларда орналасқан. Аталған бекеттерде бүгінде 37 медициналық, полиция қызметкерлері жұмыс істеуде.

Қазіргі таңда блокбекеттерде полиция мен медицина қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.


Соңғы жаңалықтар