Дамушы елдердің банктері кредит талаптарын күшейтуге кірісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова наурыздағы валюта нарығындағы жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Наурызда АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздарында кіріс көбейіп, АҚШ долларының жаһандық деңгейде нығая түскені – дамушы нарықтардың оң қарқын алуына мүмкіндік бермей отыр. Жалғасып келе жатқан Covid-19 пандемиясы және жекелеген елдерде локдаундарды енгізу, баяу және біркелкі жүргізілмеген вакцинация проблемалары әлемдік экономиканың бұдан былайғы өзгеру бағытында өзекті күйінде қалып отыр. Сонымен қатар, біз АҚШ-тағы кірістің тұрақты өсуі нарықтардағы маңызды драйверлердің біріне айналғанын байқап отырмыз», - дейді Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Оның айтуынша, наурыздың соңында АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының кірісі 1,74% деңгейіне жетті, бұл бір жылдық кезеңге қарағанда өте жоғары мән. АҚШ облигациялары кірістілігінің артуы биліктің кең ауқымды фискалдық және монетарлық қолдау шараларына байланысты инфляцияның жеделдеуі туралы инвесторлардың алаңдаушылығына байланысты болып отыр.

«11 наурызда АҚШ президенті Д.Байден 1,9 трлн АҚШ долларын экономиканы ынталандыруға бөлу туралы заңға қол қойды және талдаушылар АҚШ экономикасының өсу болжамдарын жақсартуда. АҚШ-тың ІЖӨ өсу қарқыны бойынша консенсус-болжам 2021 жылы бір ай бұрынғы 4,9%-ға қарағанда 5,7-5,8%-ға дейін өсті. Мұндай жағдайда АҚШ-тың қор индекстері ең жоғары мәндерді қайта жаңартады, яғни Dow Jones индексі бір айда 6,6%-ға, S&P 4,2%-ға өсті.

АҚШ МБҚ кірістілігінің тұрақты өсуі американдық валютаның одан әрі нығаюына алып келді. DXY долларының индексі дамыған елдердің валюталарына қарсы бір айда 2,6%-ға нығайды», - дейді ол.

Сондай-ақ, дамушы елдердің валюталары үшін нарықтық сентимент те теріс болды: Emerging markets валютасының индексі 1,1%-ға әлсіреді. EM елдерінің арасында орталық банк басшысы жұмыстан босатылғаннан кейін түрік лирасы (-)11,1%, Индонезия рупиясы (-)2%, Ресей рублі (-)1,5% әлсіреді.

«Инфляцияның жылдамдауына қатысты қауіптену аясында дамушы елдердің кейбір орталық банктері ақша-кредит талаптарын күшейтуге кірісті. Бразилияның Орталық банкі мөлшерлемені 2,75%-ға дейін (+0,75 п.т.), Ресейде 4,5%-ға дейін (+0,25 п.т.), Түркияда 19%-ға дейін (+2 п.т.) көтерді», - дейді Әлия Молдабекова.


Соңғы жаңалықтар