Даниал Ахметов Өскемен мен Семейде ауыр науқастарға арналған бөлімшелерді ашуды тапсырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн режимде жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін аудан әкімдерінің, облыстың инфекциялық, провизорлық стационарларының бас дәрігерлерінің және денсаулық сақтау басқармасы басшысының қатысуымен кезекті жиналыс өткіздім. Оның барысында Өскемен қаласы, Аягөз, Жарма аудандарының әкімдері мен бас дәрігерлерінің медициналық препараттармен, жабдықтармен қамтылу жағдайы, сондай-ақ коронавирус инфекциясымен және пневмониямен сырқаттанған ауыр науқастарға қолданылатын шаралар туралы есептері тыңдалды. Бүгін де облыс ауруханаларындағы төсек орын жүктемесі 40% құрайды», - деп жазды Даниал Ахметов Instagram -дағы парақшасында.

Әкімнің хабарлауынша Денсаулық сақтау басқармасының басшысы І.Мұхамеджанға 15 шілдеден бастап Семей және Өскемен қалаларында COVID-19 және пневмониясы бар сырқат деңгейі ауыр науқастарға арналған мамандандырылған бөлімшелер ашу тапсырылған.

«Карантиндік төсектерді провизор ретінде қайта ұйымдастыру бойынша жұмыс одан әрі жалғасуда. Бұдан басқа, алдағы бірнеше күнде эпидемиологиялық жағдайды, стационарлардың жүктемесін қадағалауға, облыс ауруханаларының дәрілік ресурстарын бақылауға мүмкіндік беретін сандық сервис іске қосылады. Біздің басты міндетіміз COVID-19 вирусының таралуын тоқтату және аймақ тұрғындарына толыққанды медициналық көмек көрсету екенін еске саламын. Өздеріңізге қамқор болыңыздар, құрметті менің жерлестерім!» - деп түйді аймақ басшысы.

Еске сала кетсек осыдан бірнеше күн бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі 5 шілдеден бастап облыстағы екі ірі қаланың карантинге жабылатынын мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар