Даниал Ахметов Семейде көпбалалы аналарды мерекелерімен құттықтады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Семей қаласындағы көпбалалы аналарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында «Алтын алқа» иегері, «Ана мен бала» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анар Сүлейменова аймақ басшысына көпбалалы аналардың ризашылығын жеткізді.

«Көпбалалы отбасыларға АӘК, кепілдендірілген әлеуметтік пакет, мемлекеттік гранттар және жұмысқа орналастыру сынды қолдаулар көрсетілуде. Сол үшін сіздерге алғысымыз шексіз», - деді ол.

Даниал Ахметов келе жатқан Халықаралық әйелдер күніне орай ардақты аналарға ізгі тілегін айтты.

«Барлық әйелдер мен көпбалалы аналарды 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет сіздерге ары қарай да көмек көрсетеді. Әлеуметтік қолдау биыл да жалғасады. Бұл балабақшаларда тегін оқыту, бүлдіршіндерді мектеп формасымен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ кезекте тұрғандарға баспана беру мақсатында да арнайы бағдарлама іске асырылмақ», - деді әкім.

Әйелдер қауымы облыста көпбалалы аналарға арналған «Бақытты отбасы» орталықтарын ашуды ұсынды. Сол жерде олар заңгерлік кеңес пен психологиялық қолдау алғылары келеді. Шара соңында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр тігін шеберханасын ашуға грант алған көпбалалы ана Жаңыл Жолдашева өңір басшысына қолдан тігілген шапан сыйлады.


Соңғы жаңалықтар