Дархан Базарбаевтың ерлігі – біздің бәріміз үшін үлгі - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қызметтік міндетін атқару кезінде қаскөйдің қолынан мерт болған Дархан Базарбаевтың туған-туыстарына көңіл айтып, полицейдің ерлігі – бүкіл елге үлгі екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мыңдаған қазақстандықты, соның ішінде мені де Қостанай облысында қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмған Дархан Базарбаевтың ерлігі бей-жай қалдырған жоқ. Жас полицей отбасын жанжал шығарушыдан құтқарып, өз өмірін құрбан етті. Мен көз жұмған полиция қызметкерінің туған-туыстарына көңіл білдіре отырып, елсүйер лайықты ұл өсіргені үшін алғысымды айтқым келеді. Ол антына адал болып, қызметтік міндетін орындау барысында жан тапсырды. Мұндай ерлік – біздің бәріміз үшін үлгі. Біз полиция қызметкерлерін жиі сынаймыз. Бірақ, бір сәтке олардың жұмысы қаншалықты күрделі әрі қауіпті екенін ойласақ екен. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін олар қызмет етеді. Біздің көшелердегі бүгінгі тыныштық үшін біз соларға алғыс айтуымыз керек», - деді министр «Ашық диалог» бағдарламасында.

Еске салайық, Дархан Базарбаев 19 қаңтар күні қызметтік міндетін атқару кезінде қаскөйдің қолынан мерт болды.

Қызметін атқару кезінде мерт болған қостанайлық полицейдің артында 4 айлық сәбиі қалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көз жұмған полицей Дархан Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.



Соңғы жаңалықтар