Дархан Бейсенбай: Әрбір резервші — өзі таңдаған саласының нағыз маманы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші мәрте іріктеу өтетіндігі белгілі. Осыған орай алғашқы іріктеудің барлық сынынан сүрінбей өтіп, резервке өткен, бүгінде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаменті директорының орынбасары қызметін атқаратын Дархан Бейсенбайды сөзге тартып, кадрлық резерв мансап жолына қалай ықпал еткендігін, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу үшін қандай қасиеттерге ие болу керектігін сұрап білген едік.

Дархан Бейсенбай Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуден сәтті өткеннен кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінде консультант болып еңбек еткен болатын. Ол таяуда ғана жаңа жұмысқа ауысты. Қазіргі уақытта ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаменті директорының орынбасары қызметін атқарып жүр. Кейіпкеріміз еңбек ететін департамент жалпы сыртқы саудаға қатысты мәселелерді үйлестіреді. Оның қызметтік міндетіне ішкі нарықты қорғау іс-шараларын қолдану, Дүниежүзілік сауда ұйымымен өзара іс-қимылды жолға қою, сауда келісімдері бойынша шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу мәселелері кіреді.

Бұқаралық ақпарат құралдарынан резервке іріктеу басталғаны жайлы хабарды құлағы шалған Дархан Бейсенбай бұл жаңалықты өзінің мүмкіндіктерін тексеру, күшін сынау сынағы ретінде қабылдады.

«Бұл өзіндік челлендж десек де болар. Өтем бе, өтпеймін бе деп мүлдем ойланған емеспін. Іріктеу барысындағы процестің өзі қызықты әрі тартымды бола түсті. Әрбір кезеңде ақтық мәреге дейін сүрінбей жету үшін стандарттан тыс ойланып, стратегиялық шешім қабылдауға тура келді. Тіпті, бәсекелестік рухы пайда болды десем де артық емес. Біздің әрқайсымыздың да асқақ арманымыз бар. Сондықтан неге қол жеткізе алатындығымызды дәледеуге тырыстық. Бұл біз үшін өте жақсы ынталандыру болды. Әрине, нәтиже жария етілгеннен кейін алдыңда не күтіп тұрғанын ойлана бастайсың», - деді ол.

Оның атап өтуінше, кадрлық резервке іріктеу – бұл еңбек нарығындағы өзіңнің бағаңды арттыру. Осы ретте кейіпкеріміз Президенттік резервке өткеннен кейін түрлі лауазымды қызметке ұсыныстың көп түскенін айтады.

«Кейінірек іріктеудің өзге де оң жағы бар екендігі байқалды. Яғни, жаңа лауазымға ұсыныстар түсе бастады. Мұндай сұраныстың бар екендігіне аздап таң қалғаным да бар. Кез келгеніміз өзімізді жоғары бағалйтындығымыз жасырын емес. Бізге жұмысқа орналасуға қатысты түрлі ұсыныстар түсті. Тіпті, қай жерге барсам, өзімнің қабілетімді, жақсы жақтарымды көрете аламын деп те ойландым. Президенттік кадрлық резерв мансап жолында өсуіме ықпалын тигізгендігі сөзсіз», - деді директор орынбасары.

Түптеп келгенде ол Президент әкімшілігіне жұмысқа орналасты. Бұл лауазым мемлекеттік қызметке ауысуға қосымша мүмкіндіктер ашты.

«Президент Әкімшілігіндегі жұмысты таңдауымның басты себептерінің бірі – жауапкершіліктің жоғары деңгейі. Бұл саған үлкен жауапкершілік жүктейтін қандай да бір мәртебе. Бұл мықтылығыңды, құзіреттілігіңді, бар білгеніңді сынау үшін жаңа алаң. Өйткені, бүкіл еңбек жолым сауда саясатымен, экономикамен байланысты болған еді. Ал бұл жерде мемлекеттік басқару бөліміне тап болдым. Өз өзімді сын тезіне салдым. Президент Әкімшілігінде жұмыс істеген кезімде көп нәрсені үйреніп, жаңа дүниелерге басқаша қарай бастадым. Өзіңе жайлы, қолайлы аймақтан шыққан кезде мүмкіндіктеріңді басқаша бағалай бастайды екенсің. Президент Әкімшілігіне жұмыс істеуді ұсынған бұрынғы жетекшіме ризашылығым шексіз», - деді Дархан Бейсенбай.

Әңгімелесу барысында ол үздіктердің қатарында болу үшін қандай қасиетке әрі дағдыға ие болу қажеттігіне қатысты ойымен де бөлісті.

«Резервшілердің барлығы да бәсекеге қабілетті болды. Іріктеуден белгілі бір деңгейде білім мен дағдысы қалыптасқан кәсіби мамандар өтті. Резервшілердің басым бөлігін батыста білім алған, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастар құрады. Олар өте үлкен бәсекелестік тудырады. Әрбір резервші таңдаған саласында өз ісінің нағыз майталман маманы. Олармен бәсекеге түсу күрделі болғанымен қызықты әрі әсерлі. Бұл білім мен коммуникативтік дағдыны кеңейтеді әрі дамытады. Өткен жыл біліміңді қолдана білу ең маңызды сапа болып қала беретіндігін көрсетіп берді. Сөз диплом емес, нақтырақ айтқанда адамдармен әңгімелесу, заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдысын пайдалана білу жайында болып отыр. Пандемия жаңа технологиялармен жұмыс істей білудің маңыздылығын нақты көрсетіп берді. Жұмысты қашықтан істеу форматына көшу әрқайсымыздың қызметімізге қатты әсер етті. Жағдайға бейімделе алғандар өздерінің тиімділігін әрі құзіреттілігін көрсете алды. Қазіргі әлем өзгерістерге дайын болмауымызды кешіре алмайды. Кез келген жайтқа бейімделе алатын маман қалай болғанда да бәсекеге қабілетті», - деген ойын білдірген резервші базалық білім алғаннан кейінде тоқтап қалмай, өзіңді дамытып, біліктілігіңді шыңдай түсу қажеттігін баса айтады.

Сонымен қатар ол Президенттік жастар кадрлық резервінің екінші іріктеуі алдында бәсекеге түсуге құлшыныс танытып отырған кандидаттарға қандай дағдыны шыңдай түсу керектігіне қатысты білгенімен бөлісті.

«Кандидаттар үшін ең алдымен өзімен өзі болып, ең жақсы жағын көрсете білу маңызды. Стандарттан тыс ойлай білу, шешімнің балама жолдарын іздеп, жаңа білім алуға үнемі ұмтылудың да маңызы жоғары. Әрбір кандидат тыңдай білуі, сараптама жасай алуы, логикалық тізбек құруға қабілетті болуы тиіс», - деді ол.

Сонымен қатар департамент директорының орынбасары кез келген маман үнемі әдеби кітап оқып, сыни, сараптамалық ой қорыта білу дағдысын дамыту қажет деп санайды.

«Меніңше, кітап таңдау әр адамның жеке қалауындағы мәселе. Әрбір адам өз елінің тарихына қатысты әдебиетті оқуы тиіс. Мәселен – Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы. Әдетте шабыттану әрі жаңа шыңдарды бағындыру үшін атақ-даңққа және табысқа қол жеткізген танымал адамдардың тарихына басымдық беріп жататыны бар. Маған Генри Фордтың «Менің өмірі, менің жетістігім» атты өмірбаяны ұнайды. Автор бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған қандай да бір кеңес береді. Жалпы, жастардың көркем әдебиетті көбірек оқығанын қалаймын», - деді Дархан Бейсенбай.


Соңғы жаңалықтар