Дархан Қыдырәлі: Қоғамдағы келеңсіздікпен күресте бас басылымның қызметі айрықша бола береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Egemen Qazaqstan» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі еліміздегі бас басылымның өткені мен бүгіні туралы сөз қозғап, газет жұмысының қыр-сыры туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз былтыр 100 жылдығымызды атап өттік. Ғасырлық тарихы бар газетіміздің бүкіл қиындыларын, тігінділерін сканерден өткізіп, 1919 жылғы «Ұшқын», «Еңбекші қазақ», «Соцалистік Қазақстан» кезеңінен бастап барлығын жинап, бес томдық кітап шығардық. Оны жариялап отырдық. Өткенге тас лақтыруға болмайды. Кеше ғана саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өттік. Шын мәнінде озбыр, залым билік болды. Зұлматтың салдарынан 3 миллион қазақ опат болды. Бұл – өте үлкен трагедия. Қазір ғалымдар зұлмат жылдар болмағанда қазір халық саны кем дегенде 40 миллион болар еді деп айтып жатыр. Бұл – қолдан жасалған зұлмат», - деді Дархан Қыдырәлі «AntikorLive» жобасында Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі БАҚ-тың маңызы» тақырыбында өткен онлайн-сұхбат барысында.

Басылым басшысы «Қазақ» газетінің жалғасы есебінде «Egemen Qazaqstan» сол кезеңде де (ол тұста басқаша атаумен) шығып тұрғанын айтып өтті.

«Қазақ» газеті – Алаш Үкіметінің органы болған. Оны Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов пен Әлихан Бөкейхандар шығарып тұрды. Біз Орынборға барып, ескерткіш-тақта орнаттық. Бір типографияда шыққан. «Қазақ» газетінің қызметкерлері «Ұшқын», «Еңбекші қазаққа» тұрған», - деген басылым басшысы газеттің тарихы туралы біршама тарихты айтып өтті.

Дархан Қыдырәлі Шерхан Мұртаза газет тізгініне келген уақытта Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып, «Егемен» атауын бірінші кезекте газет аталғанын еске салды. Осылайша, «Егемен Қазақстан» тәуелсіздікті бірінші болып сүйіншілеген.

«Газетте қоғамның мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Біз де мәселелерді ашық жазуға тырысамыз. Газетті оқысаңыз, бірінші бетіне міндетті түрде сын береміз. «Egemen Qazaqstan» газетінің басқа басылымдардан бір ерекшелігі – таяуда ғана Мемлекет басшысы сұхбат берген кезде «Елдің үні, Ұлттың мінбері» деп атап кетті. Газетте шыққан кез келген материал бойынша мемлекеттік органдар, әкімдіктер шара қолданады», - деген басылым басшысы сөздерін нақты мысалдармен жалғастырды.

Дархан Қыдырәлі елдегі басылымдардың неліктен Батыс елдеріндегідей болмайтынын да түсіндіріп өтті.

«Оның себептері көп. Бір себебі – бізде газетке бәрі араласады. Зейнетке шыққан кісілерден бастап ерінбеген адамдардың бәрі де мақала жібереді. Сол мақаласының шығуын күтіп, біреулер арқылы соны шығаруға күш салады. Бұл дұрыс емес. Газетті журналистер шығаруы керек. Оған кез келген оқырман мақала шығара беретіндей ол – ортақ қазан емес. Кеңестік кезең солай болған. Бізде хат-қоржын бар. Соған келген оқырман хатын шама жеткенше шығарып отырамыз. Мысалы Батыста мұны жақсы үрдіс ретінде бағалады. Себебі бұл – оқырманмен тікелей байланыс.

«Ауылымызда мектеп жоқ, «көпір құлап қалды», «жол жоқ» дегендей келеңсіз жағдайларды жазады. Хат-қоржын арқылы шыққан мақалалардың арқасында да көптеген мәселе шешімін тауып жатады. Тілшілеріміздің көтерген мәселелері бойынша елімізде көптеген шара атқарылды. Жемқорлықпен ғана емес, жалпы қоғамдағы келеңсіздікпен күресуде бас басылымның қызметі айрықша және бұдан кейін де айрықша бола береді. Себебі бұл – біздің оқырманға деген кредомыз. Оқырман бізге ақысын төлеп жазылды ма, біз оның көкейіндегі мәселені жаза білуіміз керек», - деді Дархан Қыдырәлі.


Соңғы жаңалықтар