Дәрігер болып қала беремін – сотталған хирург түрме ауруханасына көмектесуде

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Түрме ауруханасында өзі қатарлы сотталған азаматтарға күтім көрсетіп жүрген хирург «мен дәрігермін әрі дәрігер болып қаламын» дейді. 58 жастағы Берік түрмеге түспей тұрып, ұзақ жыл ірі қалаларда хирург болып еңбек еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодар облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі бойынша департаментінен мәлім еткендей, Берік 7 жылға сотталған. Өзінің айтуынша, қылмысы медициналық салаға қатысты емес. Түрмеден шығу үшін әлі бес жыл жазасын өтеу керек. Жоғары білімді Алматыда «Ем-дом ісі» мамандығы бойынша алған. 1990 жылы жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда хирург болып жұмыс істеген. 2018 жылы істі болып, Павлодардағы түзету мекемесіне жеткізілген. Өз өмірінде Берік сан рет тағдыршешті оталарды жасаған екен. Қаншама ересекті, балаларды аман алып қалған.


Павлодардағы 162/2 түзету мекемесінде Орталық соматикалық аурухана бар. Республиканың барлық өңірінен сотталған науқастарды дәл осында алып келеді. Жарты ғасырлық тарихы бар ауруханада дәрігерлер қаншама адамның жанына араша түсті. Ауруханаға қызметкерлері де «ерекше» науқастарына әбден үйренісіп алған. Пікір қалдыратын кітапта сотталған азаматтар мен олардың туыстарының көптеген алғыс пікірі бар.

Беріктің кәсіби тұрғыда пайда тигізуге байланысты ұсынысына мекеме әкімшілігі бірден қолдау білдірген. Ол қазір ауруханада науқастарды емдейді.


«Көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер ретінде елдегі ахуалға алаңдаймын. Сыртта мені әйелім, екі ұлым мен немерем күтіп отыр. Олар үшін қатты қорқамын. Қазір карантин болғаннан кейін олар менімен көрісуге келе алмайды. Алайда, бұл шектеу шарасын өз басым қолдаймын. Таксофон арқылы олармен сөйлесіп отырамын. Әлбетте, оларды қатты сағындым. Бірақ, ең алдымен, бәріміз қазір денсаулығымызды ойлауымыз керек. Осы мекемеге келгеннен кейін аурухана барын білдім. Тәжірибемді бөлісіп, пайдамды тигізуге рұқсат берген мекеме әкімшілігіне көп рахмет. Қазір жергілікті медицина қызметкерлеріне көмектесіп жүрмін. Науқастардың дене қызуын өлшеймін. Ауру атаулыға бәрібір – сотталғансың ба, сотталмағансың ба. Көмек қолын созу үшін белгілі бір орында отыру міндетті емес. Мен – дәрігермін. Қандай жағдай болмасын дәрігер болып қала беремін», - дейді Берік.

Қазіргі уақытта түзету мекемесіне қарасты ауруханада әр аймақтан сотталған 13 науқас емделіп жатыр. Көбі – отадан кейін түскен пациенттер.

Ал мекеменің өзінде 300-ге тарта сотталған адам бар.


Соңғы жаңалықтар