Дәрігер оразаны тоқтату туралы кеңес берсе, құлақ асқан жөн - Жанна Пралиева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Жанна Пралиева астаналықтарға ораза ұстау кезінде денсаулықты қалай күту керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл мұсылмандар үшін коронавирустық індет кезінде тәуекел етіп, әлсіздік танытпай оразаны дұрыс ұстау толғандыратын мәселе айналды. Жасыратыны жоқ, Исламдағы 30 күндік ораза – ағза үшін қиын міндет. Ол сәтсіз уақытта адамдардың белгілі бір санаттарының иммундық жүйесін әлсіретуі мүмкін. Қауіп-қатерге душар болған адамдар, атап айтқанда, жақында коронавируспен сырқаттанған, созылмалы аурулары бар және қалқанша безінің проблемасына тап болған жандар көбінесе Рамазан айында сау адамдармен бірге ораза ұстағысы келеді. Осындай жағдайда болған адамдарға өзінің ораза ұстау мүмкіндігін 30 күндік ораза орталығында талқылау қажет», - деді санитар дәрігер.

Маман оразаны үзуге негіз болатын сырқат белгілерін де атады.

«Егер сіз сау болсаңыз және бұрын да ораза ұстаған болсаңыз, онда сізге еш кедергі жоқ. Алайда, аурудың алғашқы белгілері, безгек, әлсіздік, иіс сезбеу және басқа да белгілер пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгініп, дәрігер оразаңызды тоқтату туралы кеңес берсе, оған құлақ асқан жөн. Ең бастысы, алаңдамаңыз. Өйткені күйзелістің өзі иммунитеттің төмендеуіне ықпал етеді. Дұрыс тамақтанып, мүмкіндігінше қоғамдық орындарға бармау керек. Ал мұндай орындарға барған жағдайда медициналық маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет», - деді Жанна Пралиева.

Сондай-ақ ол елордада коронавирус жұқтырғандар бір аптада 12 пайызға өскенін айтты.



Соңғы жаңалықтар