Дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы 30 пайызға дейін көтеріледі – Елжан Біртанов

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Келесі жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы 30, медбикелердікі 20 пайызға көтеріледі. Бұл туралы Шымкентке арнайы сапармен келген еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, елімізде медицина саласына бөлінетін қаражат көлемі артады. Мәселен, биыл бұл салаға 1,2 трлн теңге бөлінсе, келер жылы бұл қаражат көлемі 1,5 триллион теңгені құрайды. Сол қаражаттар есебінен дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы өседі. Шымкент қаласындағы сапары кезінде перинаталдық орталықтың жұмысымен танысқан министр бас дәрігерге маман тапшылығын жою үшін, дәрігерлердің жалақысын көтеруді ұсынды.

«Дәрігер-реаниматологтың жалақысы 300 мың болса, бұл сомманы 600 мыңға дейін көтеріңіз. Қажетсіз шығындарды азайтыңыз. Сол қаражатты жетіспей жатқан мамандарға төлеңіз. Дәрігер-реаниматологтардың жалақысын 500-600 мыңға дейін жеткізу керек»,- деді Елжан Біртанов.

Министр сондай-ақ, ана мен бала денсаулығын нығайтуға арналған бірқатар шараның барысына тоқталды.

Елжан Біртанов перзентхана басшылығына емдеу барысындағы жоспарлардың орындалу барысын қадағалауды қатаң тапсырды.

Айта кетейік, қалалық перинаталдық орталықта жылына орташа есеппен 8 мыңға тарта сәби дүние есігін ашады. Бұл перзентханада көбіне мерзімінен бұрын шақалақтар дүниеге келеді. Бүгінде медициналық ұйымда 400-ден аса медициналық қызметкер жұмыс атқарады. Министр сапары барысында қаладағы кариологиялық орталық пен онкологиялық ауруханаға да барып, дәрігерлермен кездесті.

Еркін форматта өткен кездесуде Елжан Біртанов дәрігерлердің жұмысы онсыз да ауыр екенін, олардың жұмысына деген көзқарасты өзгерту керектігін атап өтті.

Қала басшылығына көпсалалы аурухана ашу қажеттігін атап өтті. Науқастарға алғашқы көмек көрсетуге барлық емдеу мекемелері жұмылып жұмыс істеу қажеттігін ескертті.

Соңғы жаңалықтар