Дәрігерлерге мың алғыс: Алматылық жастар медицина мамандарына денсаулық себетін сыйлады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Jas Otan» мүшелері «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясын жалғастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайырымдылық акциясы аясында еріктілер 800-ден астам денсаулық себетін дайындады. Акцияның алғашқы күнінде 250 дәрігерге денсаулық себеті табыс етілді. Дәрігерлерге иммунитетті нығайтуға арналған тағамдар: бал, лимон, құрма, шоколад, жент берілді.

«Акцияның мәні – 4 айға жуық уақыт бойы өз өмірін қатерге тігіп, бүгінгі қоғамның батырларына айналған ақ халатты абзал жандарға жастар атынан алғыс айту, қолдау көрсету. Әлемді жаулаған COVID-19 коронавирус инфекциясы ешкімді бейжай қалдырмады. Осындай сын сағатта бірінші кезекте ақ халатты абзал жандар өзгелердің өмірі үшін аянбай күресуде», - дейді «Jas Otan» Алматы бөлімшесінің төрағасы Мәди Ахметов.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандардың саны 65 мыңнан асты. Бірақ медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында көп адамдар аяққа тұрды. Дәрігерлер адам өмірі үшін тәулік бойы күресуде. Бұл қайырымдылық акциясымен біз дәрігерлерге жылу сыйлап, қолдау көрсетіп, бірге екендігімізді жеткізгіміз келеді», - дейді ерікті Бибінұр Шербаева.


Акцияның алғашқы күнінде жасотандық волонтерлер орталық қалалық клиникалық ауруханаға, қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына және қалалық жұқпалы аурулардың клиникалық балалар ауруханасының қызметкерлеріне денсаулық жиынтығын табыстады.

Бұл шараға Алматы қаласы бойынша коронавирустың алдын алу ведомствоаралық комиссиясы қолдау көрсетті. Ал денсаулық себеттерін табыстауға арнайы дайындықтан өткен еріктілер жұмылдырылды.

Олардың әрқайсысы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Акция барысында барлық сақтық шаралары ескерілді.


Соңғы жаңалықтар