Дәулескер күйші Камал Мақайұлы өмірден озды - Шетелдегі қазақша БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Дәулескер күйші Камал Мақайұлы өмірден озды - CNR

Қытай елінде тұратын қандасымыз, дәулескер күйші, Қытай музыканттар қоғамының мүшесі Камал Мақайұлы өмірден озды, деп жазады қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Шыңжаң қазақтарының қазыналы күй өнерін насихаттап жүрген, Көненің көзі, екі ғасырдың куәгері болған, аса қадірлі абыз қарт, дәулескер күйші, Әшімтанушы Камал Мақайұлы 98 жасында өмірден озған.

Камал Мақайұлы 1924 жылы ҚХР-дың Іле аймағы Тоғызтарау ауданында туған.

«Дарынды күйші, саңлақ сазгер Камал Мақайұлы - XX ғасырдың 40- жылдарынан бастап өнер аламанына ат басын бұрып, туған елі, өскен ортасын күймен күмбірлетіп, әнмен әлдилеп, халықтың қошаметіне, алқауына бөленген. Камал ұлтымыздың көне күй мұраларын жинап, бүгінгі ұрпаққа аманаттап жеткізген, халық мұрасының мұңын ерте таныған тұғыры бөлек тұлға. Өнер жолындағы еңбегі әуелі ұстазы Әшім Дүңшеұлының артына қалдырған мол мұраларын халыққа қаз-қалпында жеткізу жолында еңбектенген. Камал Мақайұлы Әшім күйлерінен «Күй күмбірі», «Алтын бармақ», «Әшім күйлерінен таңдамалылар» атты кітаптарды баспадан шығарды. Сондай-ақ, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған салиқалы домбырашы телеарналар мен радионың алтын қорына 200-ден астам халық күйі мен күй аңыздарын ұсынып, өнердің үзілмейтін сара жолын салды», - деп жазады CNR сайты.


Камал Мақайұлының еңбегі Қытай қазақтарының арасында ғана танылып қоймай, Қазақстанның «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты домбыра күйлері антологиясына да енген. Онда Камалдың орындауындағы Әшімінің «Алмалы», «Кеңес» секілді 20-ға жуық күйі, ал Камал Мақайұлының өз туындыларынан «Жайлау думаны» сияқты он шақты күйі еніп, есімі тарих парағына жазылған.

Абыз күйші қазірге дейін «Менің домбырам», «Көркем Тянь-Шань», «Жасыл алқап», «Жайлау думаны» секілді 30-дан астам күй шығарған. К.Мақайұлы - Қытай музыканттар қоғамының мүшесі, Шыңжаң музыканттар қоғамы төрағасының орынбасары, ШҰАР әдебиет-көркемөнер қоғамының мүшесі, қытай халық әндерін баспадан шығару редакциясының алқа мүшесі болған.

Осы жылы мамыр айында күйшінің өнегелі өмірі мен іргелі ізденстерінен сыр шертетін «Кәусәр» атты таңдамалы шығармалар жинағы Шыңжан халық баспасынан жарыққа шыққан.

«Күй теңізі мәңгі сарқылмақ емес, өнер өлмейді, бүкіл өмірі ән-күйге айналған күй атамыздың екінші ғұмыры енді басталады, ол- Өнер ғұмыры! Күй-керуені алысқа тартсын! Біз абыз күйші Камал Мақайұлының отбасындағыларға, туыс-туғандарына, бармағын сүйген барша өнерсүйер қауымға шын жүректен көңіл айтамыз. Қазаның арты қайырлы болсын! барлық туыс-туғандарына сабыр тілейміз!», - деп жазады CNR.

ТүрікПА жиыны Түркістанда өтеді - TRT

Түркітілдес Мемлекеттер парламенттік ассамблеясы ТүрікПА-ның 10-шы пленарлық жиналысы 27-28 қыркүйекте Түркістанда өтеді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин ТүрікПА (Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы) бас хатшысы Алтынбек Мамаюсуповты қабылдады. Кездесуде 27-28 қыркүйекте Қазақстанның Түркістан қаласында өтетін жиналыстың дайындықтары талқыланды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның мәжіліс басшылары қатысатын жиналысқа Өзбекстан да шақырылды. Жиналыста ТүрікПа-ның он жылдық істеріне баға беріледі және ассамблея шеңберінде ынтымақтастықты жетілдіру үшін жаңа мақсаттар айқындалады. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрыған ТүрікПА-да Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия толық мүше, Венгрия бақылаушы мәртебесіне ие», - деп жазады TRT.

«Айдынлар» фильмі халықаралық кинофестивальде Гран при иегері атанжеңіп алды - ӨзА

Өзбекстан Ұлттық телерадиокомпаниясының «Өзбектелефильм» мемлекеттік мекемесінде түсірілген «Айдынлар» фильмі Болгарияның кино, телевидение және интернет байланысы академиясы ұйымдастырған IX Халықаралық кино және телевизиялық фестивалінде Гран-приді жеңіп алды, деп жазады Өзбекстанның ӨзА мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Коркем туынды «Үздік режиссер», «Үздік операторлық жұмыс», «фильм үшін үздік музыка», сондай -ақ «Ұстаз» телесериялына жазылған «Үздік сценарий» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Картинада Қарақалпақстанның жаңарған бейнесі мен Арал теңізінің пробалемасы баяндалған.

Хива - Түрік әлемінің мәдени астанасы - TRT

Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксой тарапынан жарияланған «Хива 2020 Түрік әлемі мәдениеті астанасы» бағдарламасы Хивада өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Былтыр коронавирус пандемиясы салдарынан кейінге қалған 2020 Түрік әлемі мәдениеті астанасы бағдарламасының ашылу салтанатына 500-ге тарта өнер қайраткері қатысты. Ол Өзбекстанның Хива қаласындағы тарихи қамалда өтті. Рәсімге байланысты Хива қаласы ашық ауа қойылым сахнасына айналды. Өнер қайраткерлері Ишан қамалының барлық көшелерінде дәстүрлі музыка үлгілерін шырқап, би биледі. Шара шеңберінде Түріксой «Түрік әлемі мәдениет астанасы» фотосурет көрмесін ашты. Көрмеде түрік әлемінің беделді фотографтары түсірген Мәдениет астанасы болған қалалардың суреттері орын алды. Шара барысында айырықша Өзбекстанның дәстүрлі киім үлгілерін таныстырған сән қойылымы болды», - деп жазады TRT.


Соңғы жаңалықтар