Дәурен Абаев: БҰҰ арнайы баяндамашысының сынына сөз таластыруға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев БҰҰ арнайы баяндамашысы Клеман Ньялетсосси Вульдің бейбіт жиналыстар туралы заң жобасына жасаған ескертпесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баяндамамен таныстым. Кеңестің бірқатары Парламент Сенатының қабырғасында есепке алынатынына сенімдімін. Сөзсіз, арнайы баяндаманың әрбір бөлігі бойынша жауап береміз. Түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Мәселен, Вуль мырза маска киюге (митинг кезінде) қойылған тыйымға қарсы шығып жатыр. Алайда кейбір позиция бойынша сөз таластыруға да болады. БҰҰ арнайы баяндамашысының мәселен, АҚШ-қа қарсы осындай сын айтты ма, айтпады ма білмеймін. Ол елдегі 15 штатта да дәл осындай тыйым бар. Аустрияда мұндай ережені бұзғаны үшін 6 айға дейін қамайды. Испанияда бетін жауып, жиынға шыққандарға 30 мың еуро айыппұл салынады. Мұндай тыйым Германия, Швеция, Дания мен Швейцарияның кейбір кантонында да бар», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр пандемияны есепке ала отырып, әртүрлі жағдайды ескеру керектігін, алайда халықаралық тәжірибені де естен шығармау қажеттігін атап өтті.

«Жасөспірімдер митингі ұйымдастыра алмайтыны туралы ескерту жасалды. Грета Тунберг мектептен қалуға азаматтық сипат негіз бола алатынын бүкіл әлемдік қауымдастыққа дәлелдегенін, әрине, түсінемін. Алайда, біз бұл ретте, алып бара жатқан проблеманы көріп тұрған жоқпыз. Біз жасөспірімдерге митингіге қатысуға рұқсат береміз. Себебі біз қажетті конфенциялардың бәріне қол қойып, соның аясында осындай құқық беруіміз керек. Сонымен қатар мемлекет олардың қауіпсіздігін де өз мойнына алады», - деді министр.

Дәурен Абаев бұл ретте мемлекеттің дәстүрі де есепке алынуы тиіс екенін жеткізді.

«Жалпы біз бұл пікірге үлкен қызығушылықпен қараймыз. Қашан да қарауға, талқылауға дайынбыз. Заң жобасының халықаралық қауымдастықтың жіті назарына ілініп отырғаны жақсы», - деді ведомство басшысы.

Айта кетсек БҰҰ арнайы баяндамашысы Клеман Ньялетсосси Вуль Қазақстанның бейбіт жиналыстар туралы заң жобасына қатысты сыни пікір білдіріп, оның кей бөлігіне келіспейтінін мәлім еткен еді.

Бұған дейін Д.Абаев митингілерге шетелдік азаматтарды қатыстыру ұсынысына пікір білдірген болатын.


Соңғы жаңалықтар