ДДҰ коронавируске қарсы екі препараттың қолданысын тоқтатты

None
None
ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) басшысы Тедрос Адрахом Гебрейесус Женевада БАҚ үшін ұйымдастырылған брифинг кезінде ДДҰ жаңа коронавируске қарсы препараттар – гидроксихлорохин мен хлорохинді сынақтан өткізуді уақытша тоқтатқанын мәлімдеді. ҚазАқпарат бұл туралы CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Шешім жұма күні The Lancet медициналық журналында жарияланған обсервациялық зерттеу нәтижелері бойынша қабылданған. Зерттеу авторларының айтуынша, коронавируске шалдығып, гидроксихлорохин және хлорохинмен ем алған пациенттердің арасында өлім деңгейі жоғары болған.

Тедрос Гебрейесус сынақ жүргізген тәуелсіз атқарушы топ қазіргі кезде барлық қолжетімді дәлелдерді қарастырып, зерттеу аяқталғанша препараттарды қолдануды уақытша тоқтатқанын мәлім етті. Атқарушы топқа зерттеуге қатысып отырған 10 ел енген.

Зерттеуге 35 елден 400-ден астам аурухананың пациенттері қатысуда. Бұл – COVID-19 індетіне қарсы қауіпсіз әрі тиімді препараттарды іздеу бойынша жаһандық зерттеу жұмысы.

ДДҰ басшысы зерттеудің басқа кезеңдері жалғастырылып отырғанын қосып өтті. Ол сондай-ақ препараттардың екеуін де «аутоиммундық сырқаттары бар немесе безгекпен ауыратын пациенттерге қолдану» қауіпсіз екенін атап өтті.

CNN-нің жазуынша, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп дәрігермен кеңескен соң гидроксихлорохинді күнделікті қабылдап жүргенін мәлім еткен.

Ақүй басшысының айтуынша, ол коронавируспен күрес жүргізіп отырған медициналық қызметкерлерден препарат туралы өте көп жақсы пікір естіген. Трамп коронавирусқа тестті бірнеше рет тапсырып, барлығында да теріс көрсеткіш болды.

Президент Трамптың препарат туралы пікірінен соң, оның сатылымы күрт артқан.


Соңғы жаңалықтар