Демалыс күндері қазақстандықтар 136 мыңнан астам мемқызметті онлайн алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 21-24 наурыз аралығында қазақстандықтар 136 мыңнан астам мемлекеттік қызметті онлайн алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Электрондық үкіметтің egov.kz порталында ел аумағында жылжымайтын мүлік объектілерін анықтау және жылжымайтын мүлкінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама ең көп сұранысқа ие болды.

«Өткен 4 күн ішінде қазақстандықтар алған қызметтердің 21 мыңнан астамы аталған анықтамалардың еншісінде. Зейнетақы жинақтарының жай-күйі, соттылығының жоқтығы туралы, наркологиялық және психоневрологиялық ұйымдардан берілетін анықтамалар да жиі сұралады», - делінген баспасөз хабарламасында.

Қазақстандықтар eGov mobile қосымшасын да белсенді пайдалануда. Демалыс күндері аталған қосымша AppStore PlayMarket арқылы 14 мыңнан аса рет жүктелген. Осы қосымшаның көмегімен өткен 4 күн ішінде азаматтар 67 мыңға жуық мемлекеттік қызмет алған.

«Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 80%-ы онлайн қолжетімді. Оларды азаматтар электрондық үкіметтің egov.kz сайты, eGov mobile қосымшасы, Telegram-дағы egovkzbot2.0 арнасы, Facebook және ВКонтакте әлеуметтік желілері арқылы ала алады», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар