«Дені сау ұлт»: 2025 жылға дейін елімізде 19 «ерте араласу» орталығы салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының аясында өңірлерде 8 оңалту орталығы, 19 «ерте араласу» орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасының «Негізгі аурулар кезіндегі медициналық көмек және медициналық оңалту міндеті» деп аталатын бөлігі бойынша 223 млрд 868 млн теңге бөлінбек. ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдап, осы қаражат нақты қандай іске жұмсалатынын сұрады.

«Ұлттық жоба шеңберінде мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды кезең-кезеңімен 60%-ға дейін ұлғайту жоспарланған. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде балаларға арналған 36 оңалту орталығы жұмыс істейді (оның ішінде: республикалық - 3, өңірлік – 33). Медициналық оңалтудың қолжетімділігін арттыру үшін Оңалту орталықтары мен қалпына келтіру ем шараларына арналған төсектердің қатары жыл сайын кеңейіп келеді», - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі ұсынған жауапта.

Ведомство берген мәлімет бойынша, былтыр 16 982 бала оңалтудан өткен. Ал биыл алғашқы 6 айда оңалту шараларымен 31 671 бала қамтылған көрінеді.

«Сонымен қатар, Елбасының «Қамқорлық» бастамасын іске асыру аясында өңірлерде 8 оңалту орталығын және 19 ерте араласу орталығын ашу жоспарлануда. Бұл нысанның бәрі бюджеттен тыс қаражатқа салынады», - делінген жауапта.

Жоғарыда аталған 223,8 млрд теңгенің көмегімен аталған орталықтардағы медицина мамандарының айлығын көтеру көзделген, көзделмегенін де сұраған болатынбыз. Министрлік мамандары жалпы медицина өкілдерінің айлығы қалай көбейетіні туралы ақпарат берумен шектелді.

«2021 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау саласындағы 247 мың медицина қызметкерінің, оның ішінде: дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен 30% (189-дан 246 мың теңгеге дейін) және орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20% (121-ден 145 мың теңгеге дейін) өсті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру жөніндегі іс-шараларды жалғастыруда және 2023 жылға қарай медициналық қызметкерлердің жалақысын экономикадағы орташа жалақыға қарағанда 2,5 есеге дейін (561 мың теңгеге дейін) арттыру жоспарлануда», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар