Денсаулық керуені: Ақмола облысының шалғай аулына медициналық көмек көрсетілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы шалғай ауылдардың тұрғындары үшін сапалы медициналық қызметті қолжетімді ету мәселесін айрықша қолға алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Партия белсенділері эпидемиологиялық кезеңде еліміз бойынша 200 ден астам ауылдағы медициналық қызмет сапасына мониторинг жасап, көптеген ауылдық елді мекендерде бұл саланың кемшін тұстарын анықтады. Әсіресе оңтайландыру жылдарындағы қысқартулардан кейін көптеген ауылдар дәрігерсіз қалған.

Екі-үш немесе төрт ауылға бір фельдшердің қызмет көрсетуі қалыпты жағдайға айналған. Бүгін партиялықтар ауылдардарда індеттің алдын алу және шалғай ауыл тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында Ақмола облысы, Атбасар ауданы, Есенкелді ауылына арнайы «Денсаулық керуенін» ұйымдастырды. Есенкелді облыс орталығынан шалғай орналасқан ауыл. Көршілес Сочинск ауылы мен Есенкелді тұрғындарына бір фельдшер қызмет көрсетеді. Ауыл тұрғындарының толыққанды медициналық тексеруден өтіп, емделуге мүмкіндіктері жоқ. Сол себепті «Ауыл» партиясының белсенділері Нұр-Сұлтан қаласынан білікті дәрігерлерді алғызып, Есенкелділіктерді жаппай медициналық тексеруден өткізді. Атап айтқанда тұрғындарға хирург, гинеколог, терапевт, балалар дәрігері, кардиолог қабылдау жүргізді және УДЗ-дан өткізіп, флюорографияға түсірді.

«Ауылымызда медицина жағдайы мәз емес, екі ауылға бір фельдшер қызмет көрсетуде. Тұрғындарға да, дәрігерімізге де оңай емес. Ал бүгін «Денсаулық керуені» келіп жаппай қабылдау өткізіп, жақсы болды. Өзім гинекологтың қабылдауында болдым, қарады УДЗ-ге жолдама берді. Емделу жолдарын айтып, дәрілер жазып берді. Әдетте біз дәрігерге қаралуға облыс орталығына немесе Елордаға баратын едік. Білікті дәрігерлердің осындай шалғай ауылға келгеніне ауыл тұрғындары дән разымыз», - дейді ауыл тұрғыны көп балалы ана Гүлбаршын Есенова.

Елордадан келген дәрігерлер сырқаттанған ауыл тұрғындарына емдік шаралар тағайындап, COVID-19 індетінің алдын алу бойынша кеңестер берді.

«Ауылдардағы күрде мәселлердің бірі дәрігерге қаралу, ем-дом алу. Осыны ескеріп «Ауыл» партиясы демеушілердің қолдауымен бүгінгі «Денсаулық керуені» акциясын ұйымдастырып отыр. Алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамыз», - деді «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейтжанов.



Соңғы жаңалықтар