Денсаулық сақтау министрі Атыраудағы инфекциялық стационарды онлайн аралады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырау облысындағы инфекциялық стационардың жұмысымен онлайн-режимде танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, министр Алексей Цой Атырау облысындағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды бағалау үшін №2 облыстық аурухана мен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясын онлайн-режимде аралаған.

Министр қабылдау, реанимация және инфекциялық бөлімшелердің, сондай-ақ 103 диспетчерлік қызметі мен мобильді әмбебап бригаданың жұмысымен танысты.

Қазір №2 облыстық ауруханада COVID-19 коронавирус инфекциясына шалдыққан пациенттерге арналған 180 төсек бар. Онда 162 науқас ем алуда, төсек-орынның 90% бос емес. Ауруханадағы 100 орын оттекті консольмен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, мұнда өкпені жасанды желдететін 12 аппарат бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров қосымша 90 төсектік инфекциялық стационар салу жоспарланып отырғанын айтты. Демеушілер өкпені жасанды желдетуге арналған тағы 30 және 100 оксигенация аппаратын сатып алып бермек. Бұдан басқа, Құрманғазы ауданына компьютерлік томография аппараты алынады.

«Орталықтандырылған оттегі жүйесі жоқ жерлерге оттегі концентраторын орнату керек. Егер оттегісіз жұмыс істейтін концентраттар болса, оны сатып алу қажет. Мұндай аппараттарды бірінші кезекте мұқтаж стационарларға жіберіңіздер», - деді министр.

Ал, кезек облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына келгенде министр Алексей Цой 103 диспетчерлік қызметімен, жедел жәрдем қоңырауын қабылдау, пациенттердің жағдайының ауырлығына байланысты қоңырауларды сұрыптау жұмысымен танысты. Бүгінде 42 жедел жәрдем бригадасы медициналық көмек көрсетеді. Станцияда тәулігіне шамамен 1 100-1 200 шақыру қабылданады. Жүктеме екі есеге артқан.

Министр мобильді әмбебап бригаданың жұмысын күшейтуді, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында дәрілік заттарды уақытылы жеткізуді, сонымен қатар, инфекциялық стационарлардан шыққан науқастардың амбулаториялық еміне ерекше назар аударуды тапсырды.

Мобильді бригада бір тәулікте 35 қоңырауға қызмет көрсетеді. Мамандар респираторлық ауру бойынша шақырғандардан ПТР-тест көмегімен COVID-19 инфекциясына анализ алады. Пациентті қарап, сатурациясын өлшейді.

Алексей Цой онлайн түрде нысандарды аралап болған соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, кен орындарында індеттің өршуінің алдын алу, жағдайы ауыр пациенттерді шұғыл емдеудің әдісін әзірлеу, медицина мамандарының дифицит мәселесін шешу сынды проблемалар сөз болды.

Денсаулық сақтау министрі коронатакси жұмысына, эпидемиологиялық жағдайларда ТМККК мен МӘМС пакеттерін қаржыландыруды қайта қарау мәселесіне баса назар аударды.

«Коронатаксиге баса назар аудару керек. Бұл іске іші таза кез-келген такси араласа алады. Егер емханада көлік жетпей жатса, бұл жергілікті әкімдік көмектеспейді деген сөз», - деді министр.

Сондай-ақ, министр инфекциялық стационардағы пациенттермен виртуалды түрде кездесіп, олардың тез сауығып кетуін тіледі.

Автор: Бек Мұстафа

Соңғы жаңалықтар