Денсаулық сақтау министрлігінде жаңадан екі комитет құрылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті қайта құрылады. Үкімет басшысы Асқар Маминнің тиісті Қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаулыға сәйкес, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің орнына екі комитет құрылады:

- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті

- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті.

Құжаттың толық мәтінін ұсынамыз

* * *

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 22 қыркүйектегі №596 Қаулысы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгінің кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мыналар қайта ұйымдастырылсын:

1) «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне және «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне бөлу жолымен «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

2) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері – республикалық мемлекеттік мекемелері.

2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері – республикалық мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік заңды тұлғалары қайта аталсын.

3. Мыналар:

1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып;

2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып айқындалсын.

4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулының 3-тармағынан туындайтын шараларды қабылдасын.

5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин


Соңғы жаңалықтар