Депутат қант тапшылығын шешудің жолдарын ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев вице-премьер Роман Склярға жолдаған депуаттық сауалында қант тапшылығын шешудің жолдарын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 19,9 пайыз қымбаттаған. Оның ішінде жыл басынан бергі кезеңде қант бағасы 61 пайызға қымбаттап отыр. Бүгінгі таңда республика бойынша қантқа қажеттілік орта есеппен 550-600 мың тонна болады. Өзімізде соның 10 пайызы ғана өндіріледі», - деді депутат.

Мәжіліс өкілінің сөзіне қарағанда, төрт ай бұрын басталған қант мәселесі халық арасында әлі дүрбелең тудырып отыр.

«Өйткені қанттың бағасы шарықтап, 1 келісі 600-900 теңге аралығында сатылып жатыр. Оның үстіне қантты кез келген дүкеннен таба алмайсыз. Тек белгілі бір сауда орындарында ғана сатылуда. Осының салдарынан қанттан өнім шығаратын шағын отандық кәсіпорындар жыбылып жатыр. Мұндай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бұдан әрі өсе берсе, ел арасында үлкен дау-дамайға айналуы мүмкін», - деген қауіп білдірді ол.

Депутат аталған проблеманы шешудің бірнеше жолын ұсынды.

«Мемлекет тарапынан берілетін тарифтік жеңілдік бойынша 350 мың тонна қант әкелінеді. Дегенмен жеңілдік мерзімі 4 айға беріліп отыр, ол өте аз. Өйткені әлемдегі экономикалық түрлі санкцияларға байланысты логистика, қаржы операцияларының кедергілері туындауда. Сондықтан тасымалдау мерзімін 5-6 айға дейін ұзартуды және тарифтік жеңілдікпен 550-600 мың тоннаға дейінгі көлемді қамту ұсынылады», - деді Фахриддин Қаратаев.

Бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезектен тыс отырысында Қазақстанның ақ қант пен шикі қанттың бажсыз импортына арналған квотаны 2022 жылғы 31 қазанға дейін ұзарту туралы ұсынысы мақұлданған еді.


Соңғы жаңалықтар