Депутат сайлаушыларының сенімін ақтамаса, оны лауазымынан босатуға болады - Ерлан Қарин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин бір мандатты сайлау оркугтерінің не үшін енгізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір мандатты сайлау округтері енгізіледі. Яғни, саяси партиялармен қатар Мәжіліске және облыстық мәслихаттарға партияға мүше емес депутаттар сайлана алады. Ал қалалық және аудандық мәслихат депутаттарын түгелдей бірмандаттық округтер арқылы сайлау жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс сайлаушыларға не береді? Біріншіден, қазір азаматтардың көбі мәслихаттағы өз депутаттарын танымайды. Өйткені олар партиялық тізім бойынша сайланады. Енді азаматтар сайлауда өзі қалаған партияға ғана емес, нақты кандидатқа дауыс бере алады. Тіпті өз кандидатын да ұсына алады. Сол арқылы депутаттардың сайлаушылар алдындағы жеке жауапкершілігі артады», - деді Ерлан Қарин Youtube арнасында жарияланған референдум туралы роликте.

Оның пайымынша, бір мандаттан сайланған депутаттар өз сайлаушыларын толғандыратын мәселелерді шешу үшін барын салуға мәжбүр болады.

«Мұндай мәселелер көп. Атап айтқанда, жол жөндеу, таза сумен қамтамасыз ету, жаңа мектеп немесе аурухана салу, жастарды жұмыспен қамту сияқты түйткілдер жиі көтерілетіні жасырын емес. Оның бәрі барынша шұғыл және сапалы шешіледі. Сондай-ақ сайлаушыларға бір мандатты округ бойынша сайланған депутаттарды кері қайтару құқығы беріледі. Бұл – жаңа механизм. Егер депутат сайлаушыларының сенімін ақтамаса, жұмысын тиімді атқармаса, оның өкілеттік мерізімі аяқталуын күтпестен, лауазымнан босатуға болады. Осылайша Мәжілістің де, мәслихаттардың да депутаттары өз сайлаушыларының, яғни, сіздердің алдарыңызда тікелей жауапты болады», - деді Мемлекеттік хатшы.

Оның айтуынша, Конституциялық Кеңестің орнына құрылатын Конституциялық сот қабылдаған шешімге ешкім шағым келтіре алмайтын болады.


Соңғы жаңалықтар