Депутаттар Ақтаудағы ауыз су тапшылығын жою қажеттігін атап өтті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаттары Михаил Бортник пен Бақтыбай Шелпеков Маңғыстау өңіріне жұмыс сапары аясында Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағында болды. Арнайы экономикалық аймақтың басшылығымен кездесу барысында АЭА қызметінің нәтижелері мен оның даму келешегі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар арнайы экономикалық аймаққа қатысушы кәсіпорындарда: «Ақтау теңіз портында», жылына 160 мың тонна асфальтбетон өндіретін «Каспий Тас Жол» қиыршық тас-мастикалық зауытта және газ-герметикалық қосылысы бар қуаты жылына 45 мың тонна құбыр жасалатын «Қазақстан Пайп Тредерс» құбыр кесу зауытында болды.

Талқылау барысында салынған 1 теңге бюджеттік инвестицияға 19,1 теңге жеке инвестициялар тартылғаны, сондай-ақ 4 теңге салық аударымдары төленгені атап өтілді. Сонымен қатар проблемалық мәселелер айтылды, оның ішінде жаңа әлеуетті инвесторларды тарту үшін АЭА қызметінің басым бағытын ауыстыру, арнайы аймақтың инфрақұрылымын салуды республикалық бюджеттен қаржыландыруды жалғастыру мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ салық заңнамасының кейбір мәселелері қаралды.

Депутаттар өңірлердің экономикасы мен шағын және орта бизнесті дамытуды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті, оның ішінде 2019 жылғы наурызда қабылданған «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңның негізгі ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Сенаторлар сондай-ақ Ақтау қаласындағы Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұжымымен де кездесті. Өңірдегі мұражай ісін қолдау, жас мамандарды даярлау, мұражайға келушілерді көбірек тарту үшін қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Депутаттар сонымен қатар қуаттылығы тәулігіне 25 мың текше метр болатын «Каспий тұщыту зауыты» серіктестігінде де болды. Талқылау барысында ауыз су өндіруді тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру мәселелері қозғалды. Сенаторлар 2025 жылға қарай тәулігіне 95 мың текше метрден астам ауыз су тапшылығын жою қажеттігін атап өтті.

Ал сенаторлар Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданына жұмыс сапары барысында Мүткенов ауылдық округінің Жаңабет ауылындағы Қ.Нығманов атындағы орта мектепте болды. Депутаттарға қазіргі заманғы талаптарға сай қосымша жаңа корпустар мен спорт залдары көрсетілді.

Кездесу барысында депутаттар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы туралы хабардар етті. 2016-2019 жылдары педагог кадрлардың саны жарты миллион адамнан асқаны, әйтсе де, білім беру саласына жыл сайын мамандар даярланып жатса да педагогикалық кадрларға қажеттілік әлі де сақталып отырғаны атап өтілді. Ауылдық жерлердегі мектептерге білікті мұғалімдерді тартуға және алып қалуға байланысты жол және тұрғын үй субсидиялары, жеңілдіктер мен преференциялар және тағы басқа пәрменді тетіктер болмай отыр. Педагогикалық кадрларды даярлау және дамыту жүйесіндегі оң өзгерістерге қарамастан, білікті педагог кадрларды тартуға және орнығып қалуына теріс әсер ететін бірқатар мәселелер сақталуда. Сондықтан бағдарламада еліміздің педагогикалық әлеуетін дамыту саласындағы проблемаларды шешу бойынша шаралар қарастырылған.

Сенаторлар Ақтоғай ауылдық округінде орналасқан «Ақтоғай-Агро» өндірістік нысанында да болды. Осы кәсіпорын басшылығымен әңгімелесу барысында өсімдік шаруашылығы өнімдері көлемін ұлғайту мақсатында сақтау қоймаларын салуды жалғастыру және кәсіпорынды дамытудың басқа да өзекті мәселелері қозғалды.

Сенаторлар нысандарды аралап шыққаннан кейін Ақтоғай ауданы әкімдігінде аудан активімен кездесті.

Жүздесу барысында Жаңабет ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысына, Қожамжар ауылдық округіндегі Талинка өзенінің арнасын тазартуға, Ақжол ауылының ішіндегі жолдарды асфальттауға (5,6 км), ұялы байланыстың қолжетімділігін қамтамасыз етуге, барлық маусымда жұмыс істейтін су құбырын салуға және облыстық маңызы бар Жолболды-Жалаулы (91-11км) бағыты бойынша жолды асфальттауға қатысты мәселелер қозғалды.


Соңғы жаңалықтар