Депутаттар Кирмен шайқасқан батыр бабалар ерлігіне монумент қоюды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлы Дала жерінде Кирмен шайқасқан батыр бабалардың ғажайып ерлігіне арналған монумент қою керек. Бұл бастаманы Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған бастамаға байланысты ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды.

«Егер Кир массагеттермен шайқаста ажал құшпағанда, әлемнің сол замандағы саяси картасы басқаша қалыптасуы, көптеген халықтың қанқұйлы қолбасшының құлдығына түсуі әбден мүмкін еді. Елдің азаттық жолындағы осы ұлы ерлік төл тарихымызда тиянақты таңбаланып, мектеп оқулықтарына кеңінен енгізілуге, маман зерттеушілердің еңбектері арқылы әлем тілдерінде насихатталуға тиіс», - деді Сауытбек Әбдірахманов.

Осы орайда депутат Ұлы Далада осы орасан оқиғаға арналған монумент тұрғызу туралы ұсынысын айтты.

«2020 жылы біздің дәуірімізге дейінгі 530 жылы өткен ол шайқасқа 2550 жыл толғалы тұр. Ұлы қолбасшы Кирді жер қаптырған шайқастың өткен өңірін шамамен болса да анықтауды мақсат ететін тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде нақты тапсырма беруіңізді сұраймыз. Маман тарихшыларымыз бір тоқтамға келген жағдайда, ол маңайдағы магистральдық жолдың бойында осы жерді мекендеген батыр бабалардың ғажайып ерлігіне арналған монумент қою мәселесін бюджет қаражатының араласуынсыз-ақ шешуге болады деп ойлаймыз», - деді С. Әбдрахманов.

Естеріңізге сала кетсек, «Томирис» фильмі биыл күзде жалпыұлттық прокатқа шығып, үздіктер қатарынан көрінген.

Соңғы жаңалықтар