Депутаттар пікірі: Жаңа Экология кодексі қандай нәтиже береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қаңтар айының басында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Экология кодексіне қол қойды. Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаттары жаңа құжаттың талаптарға қаншалықты сай екендігі және оның маңызы бойынша түсінік берді.

Жаңа Экокодекс – уақыт талабы

Осыған дейінгі кодекс 2007 жылы қабылданған еді. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Айжан Cқақова өткен 13 жыл ішінде қоршаған ортаны қорғау саласында көптеген өзгерістер болғанын айтты.

«Экологиялық ахуал күрт нашарлап, кейбір көрсеткіштер бойынша төмен деңгей байқалды. Мысалы, Алматы әлемнің лас қалаларының 100-дігіне еніп, 95-ші орында болды. Жаңа кодексті даярлау мен қабылдау біраз уақыт алғанымен, 2020 жылдың желтоқсанында Парламент жаңа Экология кодексін қабылдады», - деді А. Сқақова.

Осы орайда ол қоршаған ортаны ластаумен байланысты көптеген маңызды мәселелер заңнама жүзінде қамтылғанын атап өтті.

Оның ішінде «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты, өндіріс қалдықтарын басқаруды жетілдіру, жобаланатын нысандардың қоршаған ортаға ықпалын бағалаудың бастапқы кезеңіне қоғамның кеңінен қатысуы ескерілген. Бұл ретте табиғатты пайдаланушы залалдың құнын өтеп, қоршаған ортаны бастапқы деңгейіне дейін қалпына келтіруге міндетті болатын норма қарастырылған.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов соңғы үш жылда экологиялық реттеуге талаптарды күшейту бойынша мемлекеттік органдар мен қоғам тарапынан ауқымды жұмыс жүргізілгенін айтты.

«Соңғы 10 жылдан астам уақыт ішінде Кодекске 80-ге тарта өзгерту енгізілді. Барша әлемде экология мәселелері басымдыққа ие екенін, сондай-ақ заңнама мен экологиялық реттеу эволюцияға ұшырайтынын ескерсек, жаңа құжатты жүзеге асыру маңыздылығы туындады. Жаңа Экология кодексін даярлау кезінде ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі қарастырылды, бұл мемлекеттерде ластанған және ластаушы кәсіпорындарға қадағалау жүргізіледі. Қоршаған ортаға әсер етуді бағалаумен байланысты қадамдар, кәсіпорынды жаңғыртуға әрі қалдықтарды басқару жүйесін қайта қарауға қатысты мәселелердің барлығы заманауи трендтерге сай келеді», - деді Е. Абақанов.

Озық қолжетімді технологияларды енгізу

Кодексте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу талабымен қауіптілігі бірінші санаттағы нысандар үшін кешенді экологиялық шешімдерге көшу қарастырылған.

«Ең озық қолжетімді технологияларды енгізу арқылы қазіргі экологиялық проблемалар бойынша ахуал өзгереді. Себебі технологиялық процестерді жаңғырту тұрғысында қоршаған ортаға эмиссияның төмендеуі болады», - деді Айжан Сқақова.

Депутат қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем туралы ережеге, табиғит қорғау іс-шараларына бюджет қаржысын мақсатты жұмсау қадамына тоқталды.

«Бұрынғы заңнамада табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеттелмеген. Салдарынан (жергілікті атқарушы органдар) келіп түсетін қаражаттың тек 45 пайызын ғана қоршаған ортаны қорғауға бөледі десек болады. Енді кодексте жергілікті атқарушы органдар түсетін экологиялық төлемдердің есебінен 100 пайыз көлемінде қаржыны табиғат қорғау іс-шараларына бөлуге міндетті екендігі көрсетілген. Осы орайда өңірлерде табиғат қорғау жобаларының саны еселеп артады деп ойлаймыз», - деді депутат.

Е. Абақановтың айтуынша, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу кәсіпорындарға еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде қоршаған орта сапасының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Біз ауаның сапасы бойынша тұрғындар тарапынан алаңдаушылық бар екенін көріп жүрміз. Заңнама аясында ескерілген іс-шаралар бұл мәселелерді шешеді деп ойлаймыз. Кодекске сәйкес, ең озық қолжетімді технологияларға өтетін кәсіпорындар үшін ынталандыру қадамдары қарастырылған. Яғни бұл кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылып, бұл қаржыны өздерін жаңғыртуға бағыттай алады», - деді Елдос Абақанов.

Айжан Сқақованың атап өтуінше, Кодексте қалдықтармен кезең-кезеңімен жұмыс істеуге бағытталған қалдықтар иерархиясы қарастырылған.

«Қалдықтардың классификациясы Еуропалық каталогқа сәйкестендірілген. Онда қауіпті емес те, қауіпті де қалдықтардың тізбесі көрсетіледі. Бұл ретте, заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экология кодексінде қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату мәселесі көзделген», - деді А. Сқақова.

Оның сөзіне қарағанда, орманды алқаптарды сақтауға қатысты жаңа талаптар пайда болды. Осы ретте ағашты заңсыз кескені үшін жауапкершілік күшейтілді. Атап айтқанда, ағашты отағаны үшін әкімшілік айыппұл 5 есеге артты, ал бұл жағдай қайталанса немесе ерекше қорғалатын аумақтан ағаш кескен жағдайда айыппұл 1500 АЕК-ке дейін жетеді. Келтірілген залал 100 АЕК-тен асса, заң бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Депутат кодексте «жасыл» технология мен «жасыл энергетиканы» енгізуге құқықтық қолдау үшін бірқатар жаңа ережелер қамтылғанын айтты.

Кодекс оңтайлы нәтижесі қандай болмақ

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, депутат Геннадий Шиповских құжаттың мыңыздылығына тоқталды.

«Бұл кодекс алдағы уақытта экологиялық тазалықты нығайтуға, сондай-ақ экономикалық бағытты да ескере отырып, тың серпін беруге негізделген. Бұл құжат тек Парламентте ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілерде тәуелсіз сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдар мен партиялар өкілдерінің қатысуымен талқыланды. Осы орайда пандемияға қарамастан, нақты жоғары деңгейлі құжатты іске асырды.

Екіншіден, еліміздегі үлкен мәселе – ол эмиссия. Құжатта осы мәселені шешуге бағытталған қадамдарды ескердік. Бұл тұрғыда тиісті алдын алу іс-шараларына бағытталған құжат дайындалды. Аладағы уақытта бұл құжат өзінің маңыздылығын көрсететін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі экологиялық мәселеге ерекше мән беріп келеді. Жалпы, экологиялық құжат жасақталды деп сеніммен айта аламыз», - деді депутат.

Осы орайда Г. Шиповских аталған салада елімізде үлкен жоспар бар екенін, бұл жоспар аясында «жасыл экономика» бағытында тиісті қадамдар іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Қадамымыз нақты, кодекске байланысты жан-жақты зерттеп қарадық. Яғни халқымызға да, кәсіпкерлерге де зиян тигізбеу басты назарға алынды», - деді депутат.

Бұл тұрғыда Айжан Сқақова жаңа Экокодекстің экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етуі тұрғысында жобаларды қаржыландыру маңызды болатынын жеткізді. Жалпы, қоршаған орта мақсаттарына инвестициялардың төмендеуіне жол бермеу керек. Төмен көрсеткіштер көптеген мақсаттар мен жобалардың іске асуына кедергі болуы мүмкін. Себебі өңірлерде қоршаған ортаға бөлінетін қаржы әртүрлі болып тұр, сонымен қатар жергілікті деңгейде «жасыл экономиканы» дамыту қадамдары тиімді болмай жататын жағдайлар кездеседі.

А. Сқақова жаңа Экология кодексі еліміздегі экологиялық жағдайды елеулі түрде жақсарту үшін, сондай-ақ ластаушы жаңа ошақтардың пайда болуы тәуекелін төмендетудегі құқықтық негіз бола алатынын атап өтті.

«Кодекстің нақты орындалуы тек мемлекеттік органдар мен табиғат пайдаланушыларға ғана қатысты емес. Себебі көптеген талаптар ластаушы кәсіпорындар үшін тиімсіз болып тұр. Сондықтан қоғамдық қадағалауды күшейтіп, кеңейту керек. Осыған байланысты кодексте қауіптіліктің бірінші санатындағы ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерін бағалаудан өтуі туралы талап ескерілген. Тиімді қоғамдық бақылауды жүргізу үшін экологиялық ақпараттың қолжетімді болуы аса маңызды. Сондықтан құжатта экологиялық ақпараттың мемлекеттік қорын енгізу қарастырылған. Қордың мәліметі электронды формада ашық түрде интернет-ресурста орналастырылады», - деді ол.

Айжан Сқақова талаптардың сапалы орындалуы жаңашылдықтарды енгізуді уақытылы жүргізуге әрі қадағалауға қатысты екенін қадап айтты.


Соңғы жаңалықтар