Депутаттар Шардара су қоймасы мен Көксарайдың қауіпсіздігіне қатысты ұсыныс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Файзолла Қаменов «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінің қауіпсіздігіне қатысты мәселені көтеріп, Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдің атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың мамырында Өзбекстанның Сырдария облысындағы «Сардоба» су қоймасындағы бөгет бұзылып сол елдің 22 елді мекенін су басқанын білесіздер. Сыйымдылығы 922 млн текше метр болатын «Сардоба» су қоймасы 2017 жылы салынған. Су қоймасының биіктігі - 28,8 метр. Көрші елдің 70 мың адамы көшіріліп, бұл апаттан оңтүстіктегі өз ағайындарымыз да аса ауыр зардап шеккен болатын. Түркістан облысының Мақтарал ауданында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Сырдария – трансшекаралық өзен. «Сардоба» су қоймасы Өзбекстан жағынан сапасыз салынғаны өз алдына, көңілді алаңдататын тағы бір мәселе ол «Шардара» су қоймасының техникалық жағдайы. Халықтың айтуы бойынша, қойманың жағдайы мәз емес, қауіп төніп тұр деп дабыл қағып жатыр. «Сардоба» су қоймасының су жинау мүмкіндігі 900 миллион текше метр болатын болса, «Шардара» су қоймасының су жинау мүмкіндігі 5 миллиард 200 миллион текше метр», - деді депутат Мәділістің жалпы отырысында.

Оның пайымынша, «Шардара» су қоймасы техникалық-экономикалық негіздеме негізінде қайтадан күрделі жөндеуден өтпесе, ол өзінен 110 км төменде жатқан «Көксарай» су қоймасын қосып алып кетеді. «Шардара» су қоймасы өте үлкен. Екеуін қосқан кезде шамамен 8 миллиард 200 миллион текше метр су болады.

«Бұдан шығатын қорытынды, «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінің қауіпсіздігі өте маңызды мәселе. Осы су қоймаларының қауіпсіздігі жөнінде кезек күттірмейтін мәселелерді Су ресурстары комитетінің басшысына, Үкіметке тағы да бір жеткізуді өзімнің парызым деп санаймын. Құрметті Роман Васильевич, жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сізден осы депутаттық сауалды қарап және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жазбаша түрде жолдауыңызды сұраймын», - деді депутат Қазақстан Халық партиясының фракциясы атынан жолдаған сауалында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Өзбекстан Сардоба су қоймасын қалпына келтіру жоспарын Қазақстанмен келісіп бекітеді.



Соңғы жаңалықтар