Дэвис кубогы: Қазақстан Нидерланды құрамасын жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мадридте өтіп жатқан Дэвис кубогы финалында Қазақстан құрамасы Нидерланды елінің өкілдерін жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Матч тағдыры жұптық кездесуде шешілді.

Қос құрама да жұптық сында өнер көрсететін ойыншыларды өзгертті.

Қазақстан құрамасы (капитаны Диас Досқараев) бастапқыда көзделген Андрей Голубев пен Александр Недовесовтің орнына Михаил Кукушкин мен Александр Бубликті шығарса, Нидерланды намысын Робин Хасе мен Жан-Жюльен Ройер қорғады.

Жұптық сынның ерекшелігі, мұнда шеберлік өз алдына, қос теннисші бір-бірімен түсінісіп, ойнай білуі тиіс.

Бірінші партияда брейкпен алға шыққан қазақстандықтар сол басымдылығын сақтай алды – 6:4.

Екінші сет тартысты өрбіп, тай-брейкке ұласты. Мұнда қазақстандықтар басымдық танытты – 7:6 (7:2).

Екі партиямен біткен бәсеке 1 сағат 21 минутқа созылды.

Осылайша қазақстандықтар Нидерланды құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстандықтардың келесі қарсыласы – Ұлыбритания құрамасы, онымен 21 қараша күні кортқа шығады. Ұлыбританиялықтарды ұтса, плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан – Нидерланды матчын Михаил Кукушкиннің жеңіспен бастағанын, содан кейін таразы басы теңескенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар