Димаш Құдайберген: Мен үшін музыка - математикадан да күрделі ғылым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Димаш Құдайберген Instagram парақшасында жанкүйерлерімен қауышып, олардың сұрақтарына жауап берді. ҚазАқпарат әлемге танымал әншінің сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

- Жаңа альбомыңыз қашан жарық көреді?

- Жаңа альбом жазылу үстінде. Жақында тыңдармандарға жол тартады деп үміттенемін. Альбом жазу мен үшін өте жауапты, маңызды іс. Жайбарақат, асығыс-үсігіс альбом шығару - менің табиғатыма жат дүние. Сондықтан әбден пісіріп, ойымнан, жүрегімнен өткізіп барып назарларыңызға ұсынамын. Карантин кезінде сіздердің көзқарастарыңыз бойынша біздің шығармашылық жұмысымыз тоқтап қалғандай болып көрінуі мүмкін, бірақ біз үйде дайындалып, жұмыс істеп жатырмыз.

- Келесі концертіңіз қашан болады?

- Қазақстанда екі жылда бір рет 2017 және 2019 жылы Arnau және Bastau деп аталатын концертімді тамашаладыңыздар. Ендігі концертім қашан, қай жылы болатыны белгісіз. Өзім қаламағандықтан емес, карантин сияқты әртүрлі себеп болып қалуы мүмкін. Жолымды кесіп, алдын ала айтпайын, оның бәрі болашақтың еншісінде.

- Әнді қалай шығарасыз? Шабыт қалай келеді?

- Мен композиция бойынша магистратура бітірсем де, өзімді композитор санамаймын. Кейде әлдебір әуен «келіп», оны диктофонға жазуға немесе нотаға түсіруге асығамын. Шабыт көбінесе ұшақта келеді немесе түнде оянып, концертім қалай өтетінін көз алдыма елестетіп жатам. Сол кезде де шабыт келіп, ән жазылуы мүмкін. Адам баласы жақсыға да, жаманға да, атаққа да, халық махаббатына да тез үйренеді. Мені ата-анамның қуанышы шабыттандырады. Олардың жүзіндегі қуанышты көрген сайын тағы да қуантқым келіп тұрады. Менің әр концертім, жеңісім, алған марапатым олар үшін үлкен бақыт, үлкен мереке. Анамның қуаныштан аққан көз жасын көрген кезде келесі жолы қалай қуантарымды ойлап тұрамын. Оның осындай күйіне мен өмір бойы бой үйрете алмай өтетін сияқтымын.

- Өміріңізде болған қызықты оқиғаны айтып бере аласыз ба?

- Мен өзімді жолы болғыш адам санаймын. Соған дәлел бола алатын бір мысал: мен басқа емес, дәл осы отбасыда дүниеге келгенім үшін қуанамын. Жасым 26-ға келсе де ата-анам ақыл айтып, тәрбиелеп отырады. Мен ата-ана дегенде ата, әжемді айтып отырғанымды түсінетін шығарсыздар. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша мені өмірге әкелген ата-анам мені ата-әжемнің қолына берген, сондықтан оларды да әке, ана деп атап кеттім және концерттерде де екі ата-анам бар екенін айтып жүремін. Сәбиді ата-әжеге берудің тәрбиелік мәні зор, ол жас отбасы мен ата-ене арасын жақындатады, сонымен қатар ене мен келін арасында дипломатиялық қарым-қатынас деуге болады. Тағы бір қызықты жағдай: мені өмірге алып келген ата-анам сахнада өнер көрсетіп болған соң көрермен сахнаға шығып, оларды құттықтайтын. Мен де ата-әжеммен бірге көрермендер қатарында отырып, концерт аяқталған соң сахнаға шығып, ортасында тұрып алып, басымды изеп, рахмет айтатынмын. Құдды бір концертті әкем, анам емес өзім беріп тастаған сияқтымын. Бала кезімдегі осы сәт менің көз алдымда қалып қойды.

Тағы бір қызықты жағдай: ата-анамның айтуы бойынша, ең алғаш 2 жасымда сахнаға шығыппын. 10 секундтық эпизодқа қатысуым керек болған, яғни сахнаның бір жағынан шығып, екінші жағына жүгіріп өтуім керек екен. Мен болсам сахнаның ортасында тоқтап, халыққа көз алмай қарап қалыппын. Олар қол шапалақтаған кезде сахнадан тіптен кеткім келмей қалған екен. Содан кейін ұйымдастырушылар мені сахнадан алып кетпек болып, мен оларға ұстатпай сахнаны айналып қашқан екенмін. Бұл ата-анам айтып берген жағдай.

- Болашақта қандай жоспарыңыз бар?

- Қазіргі жоспар - кейінге шегерілген концерттерді өткізу. Жаңа концерт жұмыс кестесіне енетін болса сіздерге міндетті түрде хабарлайтын боламыз. Сіздермен қауышатын сәтті асыға күтіп жүремін.

- Концерттен кейін қалай қалыпқа келесіз?

- Көбінесе үнсіздікте боламын. Концерт алдында да жалғыз қалуды жақсы көрем, ол туралы менің тобымда жұмыс істейтіндер жақсы біледі.

- Өзге тілде ән айтқанда сөздерін түсінесіз бе?

- Мен алдымен музыка тілін түсінуге тырысамын. Образға кіріп, музыканың сұлулығын сезінемін, одан кейін менің сезінгенім көрерменге жол тартады. Музыканың өз тілі, өз күші бар. Мен қазақ, орыс тілін және аздап ағылшын тілін білемін. Әнші болу оңай деп ойлайтындар қателеседі. Музыка - ғылым, күрделілігі жағынан математикадан қиын болмаса, оңай емес. Мен музыкант ретінде үйренерім көп, музыканың шегі жоқ.

- Алып-қосарыңыз бар ма?

- Мұндай бақытқа кенелген менде арман жоқ шығар. Назарларыңызға мың мәрте алғыс айтамын, өйткені менің шығармашылығымды бағалау арқылы сіздер мені ғана емес, менің ата-әжемді қуантып жатырсыздар. Мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Әрқайсысыңыздың отбасыңызға Алла тағала бақ-береке берсін. Ораза айт құтты болсын!


Соңғы жаңалықтар