Димаш жаттауға берген өлеңді әндетіп айтатын – бастауыш сынып ұстазы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Отыз жылдан бері ұстаздық етіп жүрген Қажғалиева Клара Жанұзаққызы бүгінде өз шәкірттерімен мақтанады. Солардың бірегейі – Димаш Құдайберген. Әлем таныған әншінің алғашқы ұстазы, Әліппені үйреткен мұғалімі ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзивті сұқбат берді.

- Клара Жанұзаққызы, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз...

- Мен Ақтөбе облысы Темір ауданы Қайыңды созхозында дүниеге келдім. 3 жасымда сол жердегі «Айгөлек» балабақшасына, жеті жасымда Абай атындағы орта мектепке оқуға бардым. Ол мектепті нағашы атамыз Нұрдаубай Абатов салған еді. Облыстық білім бөлімінде еңбек етіп, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері атанған, Байғанин, Шалқар аудандарында бірінші секретарь болған. 1969 жылы өзінің туған жері Қайыңдыда мектеп салдырған нағашымды мақтанышпен айта жүремін. Биыл ол білім ордасына 50 жыл толды. Мектепті үздік оқыдым, сыныптың «старостасы» болдым. Сүйікті пәнім – математика. 1985 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түстім. Бұл оқу орнын бітірген соң Алматыға аттандым. Бірақ әкем «ауылға келсін» деген хабарын айтып, соңымнан жездемді жіберген екен. Содан «Айгөлек» балабақшасына меңгерушісі болып жұмысқа орналасып, 1989-1992 жылдары еңбек еттім. 1992 жылы ауылдағы өзім оқыған Абай атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болдым. 1994 жылы «Жыл мұғалімі» сайысында өзімнің ұстазыммен бірге сынға түсіп, бірінші орын алдым. Жас мамандар бірігіп, «Шыңдалу» тобы құрылды. Осы топты басқардым. Бәрі біздің міндетімізге кірді, мектепке таңда барып, кешке шығатын едік. Ал 1997 жылдан күні бүгінге дейін №32 мектеп-гимназиясында бастауыш сыныпқа сабақ беріп келемін. Барлығы 30 жылда 11 сыныпқа бастауышта сабақ беріппін. Мамандығымды мақтан тұтамын. Себебі шәкірттерім ризашылығын білдіріп, алғысын айтып жатады. Кездескен кезде аман-саулық сұрап, құшақ жаяды.

- Кімдерді тәрбиеледіңіз?

- Гимназиядағы ең алғашқы сыныбым елімізде тұңғыштардың бірі болып ҰБТ тапсырды. Сол жылғы түлектерімнің бәрі жоғары балл жинап, еліміздегі таңдаулы оқу орындарына грантқа түсті. «Алтын белгі» иелері көп, ауылда жүргенімде де үздік аттестат алғандары болды. Ауыл баласынан гөрі қала баласында мүмкіндік мол. Олар түрлі олимпиадаларға қатысып, білімін шыңдай алады. Темірлан Жариков, Калима Құлшаева, Ербол Жаулыбаев, Нұрсұлтан Досекешов, Данияр Амановтың шоқтығы биік, «Алтын белгі» иегерлері. Мен алдымен тәрбие беруге күш саламын. Ұстаз жеке тұлғаны қалыптастырып, тәрбиелеп шығаруы керек деп есептеймін. Бірінші орында тәрбие болғандықтан сыныптан тәртіпсізін көрмедім. Олар тентек болып, жаман сөз айтқан емес. Сыныптағы оқушыларым ұйымшыл болып өсті әрі үнемі ұлдар басым келеді. Ұлдардың дауысы гүр етіп шыққанын естімедім, бәрі тәрбиелі. Ырыбай Алтынсарин «балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деп айтқан. Білім берудің қай түрі болмасын - тәрбие. Тәрбие арқылы алынған білім балаға өмірлік азық болады. Әл Фараби «тәрбиесіз берілген білім адамның хас жауы» деген екен. Жалпы ұстаздардың алға қойған мақсаты - шәкірттерінің рухани жан-дүниесінің бай болуы. Сондай бала кез келген жерде жетістікке жетеді, қиындықты жеңе біледі.

- Балалар ерке, оны қалай көндіресіз, тәрбиелейсіз?

- Бәрі отбасына байланысты. Жас кезімде оқушыларымның ата-аналары үлкен еді, қазіргі оқушыларымның ата-аналары жас. Бұрын ұлттық тәрбие басым болды. Енді ата-аналарға балаларды ата-әжесіне жіберуін сұраймын. Олардың тәрбиесі, сөзі де ерекше болады. Иә, балалар өзге. Олар кітап оқымайды, телефонға көп көңіл бөледі. Сонда да ата-ана баланың не оқып жатқанын, телефонда нені қарап отырғанын бақылағаны жөн. Кітап оқу маңызды. Мәселен, Абайдың 175 жылдығына орай жазда балаларға өлең жаттау, қара сөздерін оқуды тапсырдым. Қазір күн сайын Абайдың сөздерін еске түсіріп, айтып отырамыз. Балалар бәсекелес келеді, бірі жаттап келсе, екіншісі асып түсуді ойлайды. Осындайда дүние қууға емес, білім сайысына бейімдеу керек. Білімді бала өз өмірін жасайды. Кітап оқыған адам қиын сәтте ақылға тоқтайды, болашағын ойлайды, басына іс түскенде өз білімімен алға ұмтылады.

- Балалар мектепке барады, білім алады. Бірақ репетиторға жүгінетіндері де көп. Неге?

- Менің сыныбымдағы балалар репетиторға бармайды. Қазіргі кезде көбінің қосымша сабақ алатыны шындық. Баланың бас ұстазы – ата-ана. Бала үйдегі үлкендерге қарап өседі. Күн сайын баламен 30 минут, 1 сағат отырып, қолдау көрсеткен жөн. Үйге тапсырма бергенде бала өзі орындауы тиіс. Тексересіз, содан соң дұрыс жолын айтасыз. Репетиторға апарып, баласына аяушылық көрсетіп, үй тапсырмасын өзі орындап тастау деген болмайтын іс. Сабақ басталған кезде «Көңіл-күйлерің қалай?» деп сұраймын. Аяқталғанда «Бүгінгі күнге ризасыңдар ма?» деп айтамын. Бір сыныпта үй тапсырмасын орындай алмайтын оқушы кездеседі. Ол заңдылық. Бәрі бірдей емес, қабілеті, зейін әртүрлі. Өзім төрт жыл баланы оқытып, 5-сыныпқа барғанда әрқайсысының ерекшелігі туралы жазып , құжат жинаймын. Әр оқушының спортқа, өнерге жақын екенін жазып, тапсырамын. Көбі Назарбаев зияткерлік мектебіне, түрік лицейіне кетеді.

- Оқу әдістемеңізді өзгелер сұрап, тәжірибе алмаса ма?

- Отыз жылдық еңбегімде бірнеше оқу-әдістеме құралын әзірледім. «Менің құқығым» атты әдістемелік оқу құралын жаздым. Мектептің алғашқы директор Мария Құрманғалиева Ресеймен байланыс жасап, сол елдің «Я и мой мир» деген әдістемелерін әкелді, үлгі ретінде соған қарап , біз өз нұсқамызды ұсындық. Оқу құралын тәрбие жұмысымда пайдаланамын. Балалардың құқығы айтылып, рәміздеріміз кең таныстырылады. «Жаңа технология сабағында» атты оқу-әдістемелік құралым да бар. Өзімнің «Бастауыш сыныпға арналған сабақ жоспарларының жинағы» атты оқу әдістемелік құралымда іс-тәжірибиемді жинақтап шығардым. Мектепте «Мен зерттеушімін» атты бағдарлама әлі қолданылады. «Мен оқимын, ойлаймын» деген бағдарлама да бар.

- Ұстаздық өмірдің қызығы неде?

- Баламен жұмыс істеу қызық. Балалар - періште. Олар біз ойламаған нәрсені сұрайды, айтады. Сабақ кезінде 40 минут партада тік отырғаннан гөрі шығарманы сахналағанды ұнатады. Мәселен, әлемге әйгілі болған Димашқа жаттау берсем, ол әндетіп айтып беретін. Ол 2001-2005 жылдар аралығында ол менде оқыды. Алғашқы қоңырауға ата-әжесі, ата-анасы, нағашы әжесі келді. Бірінші сыныпқа тапсырды, менде білім алды. Тоқсан сайын болатын жиналысқа міндетті түрде атасы мен әжесі келетін. Шәкірттеріме ризамын.

- Шәкірттеріңіздің қымбат сыйлығы не?

- Маған балалардың өз қолымен жасап берген құттықтауы маңызды. Кейбірі төрт шумақ өлең шығарып береді. Димаштың өзі де өлең шығарып беріп еді. Салтанат Жұбаева, Айбар Жұлдызбаев деген шәкірттерім де өлең шығарып беретін. Менде сақтаулы, арасында әлеуметтік желіге шығарамын.

- Аудармашы, инженер, мемлекеттік қызметші, өнер адамдарын тәрбиеледіңіз. Ішінде әлем таныған Димаш Құдайбергеннің жолы ерек. Оның балалық шағы қалай өтті?

- Димаш 2001 жылы келді. Әліппені оқып таныса бастағанда-ақ вокал сабағына қатысып жүргенін білдім. Сабақ оқу оған жеңіл, себебі әріпті танып келді. Оның бос уақыты болмады. Мектепке келеді, кейін вокалға барады. Кейде «апай мен вокалдан соң үйде ана сабақты, мына сабақты оқыдым» деп айтады. Ол үнемі сабақты оқып келеді, бәріне жауапкершілікпен қарайды. Баланың жақсы болмағы, табиғи мектеп – ата-анадан. Ол музыкалық колледжге оқуға түскен соң 25 мамырда мектепке келді. Қолында үш тал ақ гүлі бар. «Апай, сізді қатты сағындым, құттықтап келдім» деді. Үш жыл қатарынан дәл осылай гүл сыйлады. Содан кейін Астанаға оқуға кетті. Қытайға конкурсқа қатысып, оныншы турда журналистермен, операторлармен мектепке ат басын бұрды. Абай атамыз «атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп айтқан екен. Димаш - бар қазақтың маңдайына біткен дара бала. Қазақты әлемге танытып жүр. Бірінші сыныптан бастап қазақ тілін терең меңгерді, ағылшын, орыс тілімен қатар французша үйренді. Оған шет тілінде ән орындау қиындық келтірмеген болуы керек. Мен төртінші сыныпта оған «әнші бала» деп айтатын едім. Сол кезде мектеп-гимназияның он жылдығы болып, өз сыныбым туралы пирамида жасадым. Сол пирамаданың ең басына Димаштың суретін іліп, «болашақ әнші» деп жаздым. Сол әлі сақтаулы, шетелден келген қонақтарға көрсетемін. «Оқушың танымал, өзің де таныласың» деп айтады. Бірақ отыз жылда ешқандай марапат алып көрмеппін. Қарапайым мұғаліммін. 30 жылда 12 рет өз білімімді жетілдірдім. Сыни тұрғыдан ойлау, ақпараттық технология, электронды оқу, ұлттық тәрбие... Өз-өзімді жетілдіріп, өзгені оқытамын. Жыл сайын мұғалімдер арасында өтетін олимпиадаға қатысып жүрмін. Бастауыш пәні мұғалімдері арасындағы облыстық пәндік олимпиададан биыл бірінші орын алдым.

- Дәл осындай қабілетіңізбен жеке мектеп ашу жоспарда бар ма?

- Жеке мектеп ашуға болады. Бірақ оқытатын балам халықтың баласы, жеке дара кету мен үшін ыңғайсыз. Ол маңызды емес.

- Сізге баласын сеніп тапсырып, сізден білім алғанын қалайтын ата-ана көп пе?

- Көп. Телефон шалып жатады. Мен репетитор болған емеспін, бола алмаймын. Себебі маған қарап отырған анам бар. Үлкен кісінің күтімін жасап, көп көңіл бөлгім келеді. Кітап оқығанды, қажетті мәліметтерді жинағанды ұнатамын. Қатты шаршасам тоқумен шұғылданамын. Біз екі қыз, төрт ұл болып өстік. Үлкен ұл мал қарайды, екіншісі су тасиды, үшіншісіне аула сыпыру, қар күреу міндеттелген, апама тамақ істеуді, маған үй жинап, кір жууды тапсырады. Анам кітапханашы болған адам. Ауылға келгенін кітапты алдымен біз алып, оқимыз. Сабақтың тапсырмасын орындаған соң кітапты қолға аламыз. Көбіне түнде фонор жағып оқитын едік.

- Қазір қандай кітап оқып жүрсіз?

- Баламен жұмыс жүргізу, тәрбиеге қатысты кітаптарды оқимын. Абайдың қара сөздерін жыл сайын қайталап шығамын. Бірақ уақыт тез өтеді, үлгермейміз. Негізі қыздарға тәрбие анасынан беріледі. Ол рас. Мәселен, анам жазғы демалыста маған 16 жұп шұлық тоқытатын еді. Ойнауға, қыдыруға жібермейді. Қазір де осы тәрбиені жоғалтпауымыз керек. Ата-ана бала кіммен жүр, бос уақытында немен айналысады деп бақылауы тиіс. Іс тігетін қыздың мінезі салмақты. Кез келген нәрсеге қызығушылықпен қарап, одан өзіне қажетті нәрсе үйренеді. Сурет салу, биссермен түрлі дүние жасауға болады. Менің сыныбымдағы балалардың бәрі үйірмеге барады. Ер балалар спортқа бейім. Футболды жақсы көретіндері көп. Спорттың ең жақсысы - жүзе білу. Ол біріншіден өз өміріңді сақтауға үйретеді, екіншіден балалардың бұлшық еті шынығады. Ата-ана үйірменің бәріне бірдей қатыстырып, уақыт өткізуді ойламай, пайдалысын таңдаған дұрыс.

- Білім саласында, әсіресе, мектеп оқулығына қатысты сын пікір көп. Сауат ашумен емес, Әліппемен оқытқан жөн деп жатады. Сіздің пікіріңіз?

- Мен үнемі жаңа оқулықпен, жаңартылған бағдарламамен оқытып жүрмін. Яғни, төрт жыл сайын жаңа оқулық шығады. 2016 жылы жаңа бағдарлама шыққанда ата-аналар қиналды, күдік көп болды. «Оқытатын, үйрететін мен, сіздер тек үй тапсырмасында баланы қадағалайсыз» деп айттым. Қазіргі бағдарлама баланы ізденуге үйретеді. Тәжірибелі мамандар қиындық көрмейді, жастар ізденуі қажет. Жалпы Әліппе жүйелі құрылған. Бірінші сыныпта тек Әліппе оқығанды құптаймын. Қазір үш тілде оқытамыз, бала әріптерден шатасады. Оқушыны кінәлай алмаймын, қазақша жазғанда ағылшын әріптерін салып отырады. Сондықтан да мен Сауат ашу сабағы кезінде ескі Әліппені қатар қолданамын. Міндетім - алдыма келген баланы оқыту. Бірінші сыныпты бітірген бала бір минутта 40 сөз оқуы керек. Осы мақсатқа жетудің жолында түрлі әдіс қолданамын.

- Сіз мемлекеттік сый алмадыңыз, жергілікті жерде алғыс хат та бермеді. Дегенмен білім саласындағы мұраңыз қалай бағаланып жатыр?

-2018 жылы Астана қаласында Қазақстан педагогтарының инновациялық идеяларын дамыту орталығының «Білім беру саласындағы үздік есімдер» журналына шығып, Білім саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Құрметті педагогы» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталдым. Содан кейін тағы бір құжаттарымды Алматыға жібердім. 2018 жылы «SKILLS ACADEMY» ұйымдастырған «100 жаңа есім» жобасына қатыстым. Онда «OZATTAR - Қазақстан білім саласы үздіктерінің энциклопедиясы» шығып, білім саласының үздік қызметкерлерінің қатарынан көрінгенім үшін «Қазақстан ұстазы» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталдым. Бұл жеке орталықтардың ұйымдастыруымен жасалған байқауы еді. Іс-тәжірибемді осы арқылы тараттым. Өзім басылымды жиі оқимын. Бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан әдебиетші –ғалым Нысанбек Төреқұлұлының «Қазақтың 100 би-шешені» деген айдармен шыққан би-шешендердің ғұмырнамасын жинақтадым. Соны қиып алып, жинадым. Қазір мектепте пайдаланамын. Мұғалім болған алғашқы күннен-ақ әкем көп көмектесті. Бүгінгі менің жетістігім әкемнің ақылы мен қолдауы деп білемін.

- Әңгімеңізге рақмет, табыс тілейміз.

Соңғы жаңалықтар