Дін вакцинацияға қарсы емес – имам

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Ержан Есім Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында вакцина алу мәселесіне дін қалай қарайтынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, бірде-бір дәстүрлі дінде вакцина алуға тыйым салынбаған.

«Біз отбасымызды коронавирустан қорғап, әрқайсына қамқорлық жасауға тиіспіз. Вакциналану – бұл жалғыз шешім және қазір өте маңызды. Дін әркімге өмір мен денсаулыққа дұрыс күтім жасауды және аурудың алдын алу жолдарын іздеуді міндеттейтінін есте ұстаған жөн. Вакциналар бірқатар мұсылман елдерінде қолданылады. Дін вакцинацияға қарсы емес», - дейді Ержан Есім.

Ол сондай-ақ Сауд Арабиясы билігінің шешімімен Мекке мен Мединадағы қасиетті орындарға үлкен және кіші қажылыққа қатысу үшін мұсылман қажылары коронавирусқа қарсы вакциналаудан өтуі керек екенін айтты.

Ержан Есім вакциналардың халалдығы жөнінде алаңдаудың қажеті жоқ екенін тілге тиек етті.

Мысалы, QazVac қазақстандық вакцинасы халал жалпы талаптарға сәйкестік сертификатын алды. Сонымен қатар, QazVac «дельта» нұсқасына қарсы тиімді. Ғалымдар бейтараптандыру реакциясын сынақтан өткізді, бұл отандық вакцинамен егілген антиденелердің жоғары деңгейін көрсетті.

Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Алматы тұрғындарын иммундау науқанына белсенді қатысуға шақырды, өйткені бүгінде қауіпті вирусты жеңудің жалғыз жолы.

Сондай-ақ, ол интернетте дінге ешқандай қатысы жоқ қауесеттерге сенбеуге кеңес берді.

«Алматы қаласы мұсылмандарының діни басқармасы вакциналануды қолдайды және мешітке келушілермен екпе салдыру туралы әңгімелеседі. Жалпы, аурудың алдын алу үшін вакциналану – «мубах» қажет. Яғни, екпе салуға рұқсат беріледі», - дейді спикер.


Соңғы жаңалықтар