Діни диалог – достық кепілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Діни диалог – достық кепілі» атты мақаласын оқырман назарына ұсынады.

***

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап қалу мақсатында 2003 жылы Қазақстанның астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын өткізді. Игі басқосу өзінің өміршең платформа болғанын дәлелдеді. Елордамызда дін көшбасшыларының қатарынан 6 рет съезі өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың терроризмге қарсы күрес бастамасын қолдай отырып, бүкіл халықты, мұсылман қауымын өзгеге қылдай қиянат жасамауға шақырамыз.

Өйткені, пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман басқа бір мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді», – деген. Бұл – нағыз мұсылмандықтың айқын көрінісі.

Ислам дінінде діни-сенім бостандығына еркіндік берілгені жайлы Құран-Кәрімде: لاَ إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят) деп жазылған. Хақ дінге өзге діни сенімді телуге болмайтындығы да Құран-Кәрімде:لَكُمْ دِينُكُمْ وَلِيَ دِينِ «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» де» («Кафирун» сүресі, 6-аят) деп ескертілген. Ал, өзге дін өкілдерімен бір мемлекеттің қарамағында өмір сүруге болатындығы жайлы қасиетті кітабымызда:عَسَى اللَّهُ أَن يَجْعَلَ بَيْنَكُمْ وَبَيْنَ الَّذِينَ عَادَيْتُم مِّنْهُم مَّوَدَّةً وَاللَّهُ قَدِيرٌ وَاللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла Тағала қарсы емес. Өйткені, Алла Тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді» («Мумтахина» сүресі, 7-аят) деп баяндалған. Яғни, әділеттілік қағидасының негізінде мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен бір шаңырақтың астында ғұмыр кешуіне рұқсат етілген.

Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Йасрибқа қоныс аударып, онда жаңа саяси бірлестіктің негізін қалау кезінде «Мәдина конституциясын» (Уасиқату әл-Мәдина) қабылдады. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы құжатта яһуди қауымымен келісімшарт жасап: «Яһудилердің діні – өздеріне тән, мұсылмандардың да діні – өздеріне тән» (25 бап) деген құқықтық норма бекіткен еді. Сонымен бірге, Хақ-Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Йемендегі Нажран және Сириямен шекаралас аймақтағы Әйла, Жарба, Әзрух елдімекендеріндегі христиан діні өкілдерімен де «дәр ал-ақд» (бір мемлекетте өмір сүру туралы келісім) жасаған болатын.

Ислам дінінде діни-сенім бостандығы ғана емес, ұлт пен ұлыстардың да теңдігі паш етілген. Бұл жөнінде Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араб ұлты өзге ұлттарға үстемдік ете алмайды, өзге ұлттар да араб ұлтынан үстем емес», – деп тайға таңба басқандай нақ айтылған (Бұқари, Хаж, 132). Яғни, Хақ діннің негіздері бойынша мұсылман қауымы өзге дін өкілдерімен, сондай-ақ, Ислам дінін қабылдаған ұлттар өзге ұлыстармен адамгершілік құндылықтар мен төзімділік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, ортақ платформада өмір сүруіне толық рұқсат етіледі.

Халқымызда: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – деген нақыл бар. Ортақ мақсатқа жету үшін бәріміз бірігіп, бір-бірімізге көмекші болуымыз тиіс.

Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш.

Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ал өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз.

Алла Тағала Қасиетті Құранда «Маида» сүресінің 2-аятында адамзат баласына:

﴿وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلا تَعَاوَنُوا عَلَى الإثْمِ وَالْعُدْوَانِ

«Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар...» деп бұйырған.

Біз халықтарды бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа шақыруда діни тұлғалардың айрықша рөлін ескеріп, имамдардың әлеуетін, қабілеті мен тәжірибесін арттыруға баса назар аударып келеміз.

Аллаға шүкір, мемлекетімізде дінге сенушілердің діни қажеттіліктерін орындау үшін барлық жағдайлар жасалды. Орта Азия бойынша құлшылық үйлерінің саны жағынан біздің ел бірінші орында. Дәстүрлі діндердің ғибадатханалары тең дәрежеде қызмет етуде.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ.

Алла Тағала адамзат баласын бірлікте өмір сүруін нәсіп еткей! Әмин!


Соңғы жаңалықтар