Дизель тапшылығына қатысты ахуал біртіндеп шешіледі - Мағзұм Мырзағалиев

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысына сапары кезінде дизель тапшылығының себебі мен қазіргі ахуал туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі нарықта дизель отынының тапшылығына бірнеше фактор әсер етті. Атырау мұнай өңдеу зауыты электр энергиясымен жабдықтаудағы проблемаға байланысты қаңтардан сәуірге дейін тоқтап тұрды. Нәтижесінде нарыққа 200 мың тоннаға жуық дизель отыны жеткізілмеген. Ал, тамыз айында дизель отынына сұраныс арта бастады. Егер бұрын айына 400-420 мың тонна тұтынылса, бұл кезде сұраныс айына 520 мың тоннаға дейін өсті. Негізгі себеп – бағаның Ресеймен және басқа да көрші елдердегімен сәйкессіздігі. Шамамен литріне 90 теңге. Көкөністерді тасымалдау басталысымен транзиттік көлік ағыны артты.

Әр машинаға Қазақстан аумағына кіргенде тонна, елден шығар кезде тағы тонна құйылады. Сондай-ақ, кері жолда екі рет жағармай құйылады. Сонда бір көлікке 4 тонна дизель алынады. Бұл – жүргізуші үшін әжептәуір үнемдеу. Нақтысында біз өзімізді дизель отынымен қамтамасыз ете аламыз. Бірақ, бағаның сәйкессіздігіне байланысты осындай ахуал қалыптасты. Біз РФ Энергетика министрімен байланысқа шығып, 100 мың тонна дизель отынын жедел жеткізу туралы келістік. Қазан айында алғашқы 30 мың тонна жеткізілді. Бұл нарықтағы ахуалды тұрақтандыруға азды-көпті мүмкіндік берді. Әзірге мәселе толық шешілген жоқ. Бірақ ілгерілеу бар», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін жанармай тапшылығына байланыс Атырау мұнай өңдеу зауыты дизель өндіруге кірісетінін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар