Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» құрамында бірқатар өзгерістер болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден Ресей чемпионатында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымға дайындалуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» спорт клубы директорының орынбасары Армат Меңдешевтің айтуынша, команда құрамында бірқатар өзгерістер бар.

Команданың бұрынғы капитаны Максим Өтебалиев Ресейдің суперлигасында ойнайтын «Уральский Трубник» (Первоуральск) клубына ауысты. Сондай-ақ ресейліктер Александр Подметалин, Александр Чкалов, Сергей Пантеев «Ақжайықтан» кетті.

Биыл Орал допты хоккейінің түлегі, тәжірибелі хоккейші Денис Максименко келді. Оған қоса төрт ресейлік легионер Максим Пахомов, Сергей Башаев, Артем Лапшин және Александр Штеле «Ақжайықтың» құрамын күшейтеді деген үміт бар.

Команданы бұрынғыша оралдық маман Николай Шавалдин жаттықтырады.

«Ақжайық» жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың екінші тобында ойнайды. Онда оралдықтардан басқа «Маяк» (Краснотурьинск), «СКСО «СКА-Свердловск» (Екатеринбург), «Динамо-Қазан-2» (Қазан), «Никельщик» (Верхний Уфалей), «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «Локомотив» (Орынбор) және жаңадан қосылған «Кировец» (Уфа) клубы бар.

Н.Шавалдиннің шәкірттері жаңа маусымдағы алғашқы кездесулерін 2-3 желтоқсанда Верхний Уфалейде «Никельщик» командасымен өткізеді.

Осы топтан үздік екі команда финалдық сайыстарға жолдама алады.

«Биылғы мақсат – өз тобымыздан финалға шығу. Қазір хоккейшілер Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында шеберліктерін ұштауда. Осы айдың аяғында Ресейдегі матчтарды өткізу үшін аттанамыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Меңдешев.

Соңғы жаңалықтар