Досаев: Банк секторының жиынтық активтері 2021 жылы 37,6 трлн теңге болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Банк секторының жиынтық активтері 2021 жылы 37,6 трлн теңге болды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Дасаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы жүйесінің тұрақтылығы, бірінші кезекте, банк секторының орнықтылығымен айқындалады. 2020 жылдан бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Ұлттық банкпен бірлесіп қаржы секторын қалпына келтіру, активтер сапасын бағалау (AQR) және бизнес-процестер мен тәуекел менеджментін жақсарту жөніндегі түзету іс-шаралары бойынша жұмыс жүргізді. Уақтылы қабылданған бірлескен шараларға байланысты қалыптасқан орнықтылық буфері бүгінгі күні клиенттер қаражатының сақталуын қамтамасыз ете отырып, халыққа және бизнеске қызмет көрсету үшін екінші деңгейдегі банктердің операциялық қызметін үздіксіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді», деді ол Мемлекет басшысының бизнес өкілдерімен кездесуінде.

Досаевтың дерегінше, банк секторының жиынтық активтері 2021 жылы 6,5 трлн теңгеге өсіп, 37,6 трлн теңге болды. Банктердің меншікті капиталы 2021 жылдың соңында 4,5 трлн теңгеге жетті. Екінші деңгейдегі банктерде бірінші деңгейдегі меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті 19,3 пайыз болды. Бұл ең төменгі реттеушілік талаптардан 3 есе артық.

«Өтімді активтер 1,5 трлн теңгеге өсіп, 16,2 трлн теңге болды, бұл банк секторының жиынтық активтерінің 43 пайызын құрайды. Өтімділік көлемі қажетті деңгейден 4 есе асады», деді Ұлттық банк төрағасы.


Соңғы жаңалықтар