Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалау процесін бастау келісілді

None
ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат – Женевада 5 күн бойы өткен Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) 12-ші министрлік конференциясында әлемдік сауда үшін маңызды мәселелердің кең ауқымы бойынша консенсусқа қол жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінен мәлім еткендей, ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының төрағасы және тең ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы.

Конференцияның төрағасы қызметін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов атқарды.

Бес күнге жалғасқан ұйымға мүше 164 елдің қарқынды келіссөздері өз жемісін берді. Нәтижесінде әлемдік сауда үшін маңызды мәселелердің бұрын-соңды болмаған саны бойынша консенсусқа қол жеткізді.

Атап айтқанда,

- ДСҰ-ны реформалау процесін бастау;

- ДСҰ-ның COVID-19 пандемиясына ден қою шаралары және болашақ пандемияға дайындығы туралы министрлік декларациясын қабылдау;

- ДСҰ-ның зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімі бойынша министрлік шешімін (ТРИПС) қабылдау;

- Азық-түлік қауіпсіздігіне жедел ден қою шаралары туралы министрлік декларациясын қабылдау;

- Азық-түлік сатып алуды Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен экспорттық тыйымдар мен шектеулерден босату туралы министрлік шешімін қабылдау;

- электрондық сауда жөніндегі жұмыс бағдарламасын қабылдау;

- ДСҰ-ның балық аулауға арналған субсидиялар туралы жаңа келісімін қабылдау.

Соңғы мәселе бойынша келіссөздер 20 жылдан астам уақытқа созылғанын атап өткен жөн.

Министрлік конференциясы 15 маусымда аяқталуы керек еді, бірақ министрлер конференцияны бір күнге ұзартуға келіскен.

Айта кетейік, ДСҰ-ға мүше елдер 2018 жылдың күзінде ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясына төрағалық етуші және қабылдаушы тарап ретінде Қазақстанды бірауыздан сайлады.

Конференция Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылдың маусым айында өткізілуі тиіс еді. Коронавирус пандемиясына байланысты ол кейінге шегерілді.


Соңғы жаңалықтар