Дзюдо: Ерлан Серікжанов Тель-Авивте Гран-при турнирінің күміс жүлдегері атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ерлан Серікжанов Тель-Авивте (Израиль) дзюдодан өтіп жатқан Гран-при турнирінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, Е.Серікжанов 66 келіге дейінгі салмақта финалда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, оңтүстіккореялық Ан Баулмен күресті.

Өкінішке қарай, Ерлан соңғы бәсекеде қарсыласына есе жіберді.

Е.Серікжанов жарыс барысында алдымен Ярин Менегедті (Израиль) тізе бүктірсе, содан кейін Мурад Шопанов (Ресей) пен Орхан Сафаровты (Әзірбайжан) ұтты. Ал жартылай финалда татами иесі Барух Шмаиловті вазари ұпайымен жеңді.

Осы салмақта күрескен тағы бір қазақстандық Елдос Жұмақанов бірінші белдесуінде Реда Седдоукиді (Франция), сосын Жаслин Синх Саиниді (Үндістан) жолдан тайдырды. Ал ширек финалда Б.Шмаиловқа есе жіберді.

Жұбаныш белдесуінде Орхан Сафаровты (Әзірбайжан) ұтқан Елдос қола жүлде үшін тартысты бәсекеде Израиль елінің тағы бір өкілі Таль Фликкерден жеңіліп қалды. Сөйтіп ол жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Әлемнің 83 елінен 547 спортшы қатысып жатқан Гран-при додасы 25 қаңтарға дейін созылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Гран-при турнирінде ел намысын кімдер қорғайтынын жазған болатынбыз.

Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесі бойынша лицензиялық Гран-при жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне әлемдік рейтингте ұпай сандары қосылады. Жеңімпаз 700 ұпайға ие болса, екінші орын алған спортшы - 490, үшінші орын иегеріне 350 ұпайдан беріледі.

Соңғы жаңалықтар