eGov.kz Алматы тұрғынына көлік нөмірін үйіне жеткізіп берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін енді үйден шықпай-ақ алуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жақында ғана eGov.kz порталында қолданысқа енген қызмет. Ол көліктің мемлекеттік нөмір белгісін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті үйге жеткізуді ресімдеуге мүмкіндік береді.

Алматыда көлік нөмірін үйге жеткізуге тапсырыс берген, алғашқы адамға қызмет көрсетілді.

Алматы қаласының тұрғыны Юлия Гладышева кезекті автокөлік сатып алып, пандемия кезінде көлікті қайта тіркеу үшін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына барғысы келмеген. Ол онлайн режимінде көлікті қалай қайта тіркеуге болатындығы туралы нұсқауларды оқып, тапсырыс берген.

«Мен өмірімде алғаш рет мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ автокөлігімді қайта тіркей алдым, тіпті дайын құжаттарымды да алдым. Сол күні нөмір мен техпаспорт менің қолымда болды. Осындай ыңғайлы қызмет үшін рахмет. Мен барлық автокөлік иелеріне осылай жасауға кеңес берер едім», – дейді Юлия Гладышева.

Ол үшін «Электрондық үкімет» порталында «Көлік және коммуникациялар» бөлімінің «Автомобиль көлігі» тармағында «МТНБ (мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі) және КҚТК-ны (көлік құралын тіркеу туралы куәлік) үйге жеткізу» қызметін таңдап, авторизациядан өту және оған тапсырыс беру қажет.

«Бұл жерде қажетті деректерді толтырып, тұрғылықты мекенжайын көрсетіп, қызметке ақы төлеу жеткілікті. Қызмет құны 2240 теңге. Осыдан кейін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті МХҚО қызметкерінің үйге жеткізіп беруін күтесіз. Дайын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жеткізу қызметі бір елдімекен шегінде, мамандандырылған ХҚКО бар қалалардың, облыс орталықтарының, аудан орталықтарының тұрғындарына қолжетімді екенін атап өткен жөн»,– дейді « Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Алматы қаласы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.


Соңғы жаңалықтар