Екі жамбылдық пойызбен астанаға есірткі жібермек болған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Көлік полицейлері Жамбыл облысының екі тұрғынынан 28 келіден аса есірткі заттарын тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

​«Луговой станциясындағы полиция қызметкерлері ағымдағы жылдың 11 тамызында «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында Т.Рысқұлов ауданының құмды аймағында Жамбыл облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру кезінде олардың әрқайсынан өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған бір-бір қап табылып, тәркіленді», - деді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.

Оның айтуынша, құқықбұзушылардың тұрғылықты жеріндегі шөп қораны тінту кезінде тағы да 1,5 қап есірткі заты табылған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар жалпы салмағы 28 келіден асатын марихуана есірткі заты болып шыққан.

«Сондай-ақ көлік полицейлері аталған тұлғалар бұл есірткіні құмды аймақтан жинап, оларды теміржол көлігі арқылы республиканың астанасы мен солтүстік өңірлеріне тасымалдауды көздегендерін анықтады», - деді О.Бекеев.

Т.Рысқұлов аудандық сотының үкімімен қаскүнемдер осы қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.


Соңғы жаңалықтар