Екінші тоқсанда өңдеуші өнеркәсіп пен саудада сұраныс төмендеуі мүмкін – Ұлттық банк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нақты сектордағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнаманың қорытындысы дайын өнімге деген сұранысқа қатысты жағдайдың ауыл шаруашылығынан, тау-кен өнеркәсібі бен құрылыстан басқа барлық салада жақсарғанын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявскийдің айтуынша, құрылыстағы сұраныс көрсеткіші теріс аймақта қалып келеді. Биылғы екінші тоқсанда құрылыс, ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібі салаларында сұранысқа байланысты жағдай жақсарады деп күтілуде. Алайда, өңдеуші өнеркәсіп пен саудада сұраныс төмендеуі мүмкін. Десе де бұл салалардағы индикатор оң аймақта қалады.

«Шикізат пен материалдардың және дайын өнім бағасының өсу қарқыны жеделдегені барлық салада байқалды. Екінші тоқсанда шикізат пен материалдардың және дайын өнім бағасының өсу қарқыны төмендейді. Өндірістік қуаттарды жүктеу деңгейі тау-кен өндіруден басқа салалардың барлығында дерлік кеміді. Анағұрлым кему көрсеткіші құрылыста байқалды», - деп түсіндірді спикер.

Оның сөзінше, бәсекелестік маңыздылығының жоғары деңгейі бұрынғыша сақталып отыр. Нарықтық бәсекелестік сауда кәсіпорындарына барынша ықпал еткен. Сауда кәсіпорындарының 41%-ы бизнеске әсерін сезінді. Ең аз үлес тау-кен өнеркәсібінде байқалды.

«Шетелдік әріптестермен есеп айырысуда пайдаланылатын негізгі валюта Ресей рублі болып қала береді. Өңдеу өнеркәсібінде рубльді кәсіпорындардың 68,1%-ы, саудада 58,6%-ы пайдаланады. Бірінші тоқсанда теңге бағамының АҚШ долларына қатысты өзгерісінің шаруашылық қызметке теріс әсері артқанын барлық сала атап өтті, бұл ретте АҚШ доллары тек тау-кен өнеркәсібінде басым болды», - деді Денис Чернявский.

Сауалнамаға барлығы 2,6 мыңнан астам өндіруші, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймаға жинаушы кәсіпорындар қатысты.


Соңғы жаңалықтар