ЕҚҚДБ президенті: Қазақстанмен ынтымағымыз жаңа серпінге ие болып келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзінің экономикасын дамытып, жаңа реформаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халықаралық қаржы институтарымен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып келеді. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен сұхбат барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти Қазақстандағы банктің алдағы жұмыс жоспарымен бөлісіп, еліміздің ұлттық экономиканы жаңғырту бағытында атқарып жатқан жұмысына баға берді.

- Сума Чакрабарти мырза, Қазақстан мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің арасындағы ынтымақтастықтың деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

- Қазақстанмен бірге атқарған жұмысымыздың жүйелі сипатқа ие болып келе жатқаны бізді қуантады: 2017 жылдың соңында Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Қазақстан бірлесе күш жұмылдырудың, өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап алған болатын. Қос тарап қол қойған тиісті хаттама инвестиция тарту, қаржы секторы мен шағын бизнесті дамыту, аймақтық даму бойынша бірлескен іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Жаңа үшжылдық Келісім тұрақты өсім мен дамуға серпін беру бағытында 2014 жылдың мамырында Қазақстан мен ЕҚҚДБ арасында қол қойылған шекті келісімге негізделеді. Жаңа келісім муниципалды инфрақұрылым секторында Қазақстан мен ЕҚҚДБ-ның бірлескен жұмыстарына тың серпін берері анық. Сонымен бірге, ынтымақтастық саласының жаңа басымдықтарын, атап айтқанда, «жасыл» экономика мен жаңғыртылатын энергетика, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елде жекешелендіру процесіне үйрету секілді көптеген артықшылықтарды айқындап береді. ЕҚҚДБ сондай-ақ, Қазақстан Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің белсенді мүшесі болып отыр.

- Қазақстанмен бірлесе атқарылған жұмыстар бойынша біздің оқырмандарды нақты көрсеткіштермен, яғни сандармен таныстыра кетсеңіз...

- Қазақстан мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің 20 жылдық ынтымақтастығының арқасында біздің банк ұлттық экономикаға 246 жоба аясында 7,5 млрд еуро құйды. Инвестицияның ауқымы бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкі жұмыс істейтін елдердің төрттігіне Қазақстан енетінін айта кету керек. Сонымен бірге, 2017 жылы ЕҚҚДБ ұлттық экономиканың жаңғыруына және әртараптандырылуына бағытталған жаңа стратегиясын мақұлдаған болатын.

- Қазақстандағы қандай ауқымды әрі сәтті жобаларды атап өтер едіңіз?

- Бәлкім, белгілі бір жобаларды ерекше атап өтудің өзі дұрыс емес болар. Себебі, олардың бәрі де біз үшін аса маңызды. Екіншіден, олардың әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен әйгіленеді. ЕҚҚДБ Қазақстан экономикасының дамуына атсалысу жағынан өзінің нәтижесімен мақтана алады. Себебі, елге инвестиция салумен бірге банк елдегі реформалардың енгізілуіне (мәселен, бизнес-климатты жақсарту бағытындағы) септігін тигізіп жатыр. Мұндағы нақты мысал ретінде Қазақстанның «жасыл» экономикаға, капитал нарығының дамуына, аймақтық әртараптандыру және гендерлік интеграцияға ден қоюын ерекше атап өтуге болады. Алға жасалған тағы бір қадам ретінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығының таныстырылымын атап өтер едім. Оның дамуында ЕҚҚДБ маңызды рөл атқарады.

Осы жылы қол қойылған құжаттардың қатарына сондай-ақ Маңғыстау электр желілерін тарату компаниясы үшін ЕҚҚДБ-ның қолдауын айта кетсем деймін. Ол - Қазақстандағы ірі таратушы компаниялардың бірі. 12 млрд теңге мөлшеріндегі несие аталмыш компанияға 2020 жылға дейін инвестициялық бағдарламаны қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз - қазіргі істеп тұрған подстанциялар мен таратушы желілердің жаңғыруын көздейтін 70 субжобаға, жаңа электр желілері құрылысына, «ақылды» есептеуіштерді және заманға сай автоматты бақылау жүйесін орнатуға жұмсалатын ақша.

Сонымен бірге, баламалы энергетикаға да ерекше көңіл бөліп отырмыз. Қазақстан бұл ретте сөзсіз аймақтық көшбасшы.

Сонымен қатар, ЦентрКредит банкіне берілген 45 млн АҚШ доллары көлеміндегі несиелік желіні де еске алуға болады. Ол сома Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Одан бөлек, аталмыш сомадан 5 млн АҚШ доллары әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуға бағытталатынын айта кету керек.

- Осы жылдың шілде айында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ашылған кезде Сіз аталмыш қаржы орталығы Қазақстанға сөзсіз табыс әкелетінін айтып қалған едіңіз. Осы уақытқа дейін АХҚО-ның жұмысын алға жылжытылуына қандай баға берер едіңіз?

- АХҚО-ның дамуы елдегі жалпы реформалар бағдарламасында маңызды рөл атқаратынын бұрын да айтқан болатынмын: ол отандық және шетелдік инвестицияларды Қазақстанға жұмылдыруға, өсімді жігерлендіруге, корпоративтік басқарудың жаңа стандарттарын бекітуге, сонымен бірег «жасыл» инновациялардың білімі мен тәжірибелерін таратуға көмектеседі. Біздің болжауымыз бойынша, орталықтың ашылуы ауқымы ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық инвесторларды тартып, ірі компаниялардың жекешелендірілуінде шешуші рөл атқарады. АХҚО жұмысы ағылшын құқығы бойынша реттеледі. Бұл - ел үшін де, аймақ үшін де үлгі боларлық қадам.

АХҚО-ның дамуы Қазақстанда, жалпы Орталық Азия аймағында бәсекеге қабілетті, тиімді әрі ашық қаржы нарығын қалыптастыруға көмектесетініне сенімдімін.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысына баға беріңіз деп сұрасаңыз, қазір алдын ала бірдеңе деуге асықпас едім. Мұндай бастамалар үшін уақыт керек. Себебі, біз жылдамдық туралы емес, нәтижелі жұмыс жайлы сөз қозғап отырмыз.

- Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қандай мемлекеттік бағдарламалар ЕҚҚДБ-ның қызығушылығын тудырып отыр?

- Бұл ретте бірқатар бағыттар туралы айтып өтуге болады. Біз жекешелендіруі жүріп жатқан және жүріп кеткен қазақстандық мемлекеттік компаниялардың жұмысына қатысып жатырмыз. Меніңше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытының келешегі зор. Бұл ретте БАКАД мысалын ерекше атап өтуге болады. Аталмыш жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда бұл мемлекет инвестиция тарту бағытында одан да қызықты елге айналары анық. МЖӘ моделі компаниялар мен мемлекетті ары қарайғы коммерциализацияға дайындай отырып, «ҚазАвтжол», «Қазсушар» секілді компанияларға институционалды реформаларды әкелумен бірге жалпы тарифтер құрылымын бекітуге көмектеседі.

Бізге сонымен қатар Астананы газдандыруға қатысты ауқымды жоба аса қызықты болып отыр. Менің ойымша, мұндай жобаға ЕҚҚДБ-ның қатысуы мен қатыспауы туралы әзірге бірдеңе деп айту артық. Бірақ, газдандырудың аса қажетті екені айқын. Жоба тек газ желілерінің құрылысы ғана емес, Астанада мен Қарағандыдағы, өзге қалалардағы газ таратушы желілердің құрылысын да қамтып, жылу электр станцияларын көмірден газға ауыстыру жұмысын есепке алады.

Жалпы, менің пайымдауымша, Қазақстан экономиканы әртараптандыруға, көміртекті құрамның үстемдігін төмендетуге, баламалы қуат көздерін құрып, оны белсенді түрде пайдаға жаратуға, экономикадағы жеке секторға ерекше ден қойып отыр. Бұл міндеттердің бәрі де Қазақстанның стратегиясымен сай келеді. Бұл  бағытта қолдай алатындай бізде ресурстар мен тәжірибелер баршылық. Сонымен қатар, қазақстандық әріптестермен бірге жергілікті капитал нарығын дамыту және жергілікті валюталарды алуды арттыру бойынша біздің жұмысымызды ерекше атап өтуге болады.

 - Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар