ЭКО әдісі туралы мифтер мен шындық - «100 жаңа есім» жеңімпазы Алмаз Ибрагимовпен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл сайын Қазақстанда денеден тыс ұрықтандыру әдісін тегін жасату үшін 900 квота бөлінеді. Осылайша, мемлекет сәби сүюді аңсап жүрген жұптарға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Бұл квоталар халыққа жеткілікті ме, Қазақстандағы бедеуліктің басты себептері неде, ғылымда тағы қандай жаңалықтар ашылды деген сұрақтарға жауап іздеу мақсатында ҚазАқпарат тілшісі «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, репродуктолог-дәрігер Алмаз Ибрагимовпен сұхбаттасқан еді.

- Алмаз мырза, сіздің сәби сүйе алмай жүрген жұпқа көмектескеніңізді, осы салаға келуіңізге түрткі болған жағдайды тұтас Қазақстан жұртшылығы естіді, оқыды. Осы орайда, бедеуліктің басты себептерін атап өтіңізші? Неліктен, елімізде балалы бола алмай жүргендер көп?

- Бұл дүние жүзінде өзекті болып отырған мәселе. Ең жиі кездесетін себептер - жыныстық жолмен берілетін аурулар, содан болатын қабыну процестері. Екіншіден, эндокринологиялық, гормондық бұзылулар. Әйелдерде овуляцияның болмауы немесе аналық бездің қызметінің төмен болуы, ер адамдардың шәуеті сапасының төмен болуы. Ол да жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға, гормондарға, өмір сүру салтына, экологиялық жағдайдарға байланысты. Сонымен бірге, кең тарап отырған Эндометриоз ауруының үлесі үлкен - әйелдер бедеулігінің 20% осы сырқатқа байланысты. Жасанды түсік оталары да бедеулікке әкеп соғуы мүмкін.

- Сонда қазіргі медицина барлық ауруларды еңсеріп, бала сүюге мүмкіндік береді ме? Қандай жағдайда заманауи медицина әлсіз? Әдетте «Қанымыз сәйкес келмейді» деген жауапты көп естиміз.

- Қазіргі уақытта бедеулік мәселесін толығымен шешуге болады. Кез келген жанұя бала сүйгісі келеді, табиғи жолмен немесе емдік шаралармен жүктілік болмаса, денеден тыс ұрықтандыру әдісін пайдалануға болады. Бұл технология дүние жүзінде бедеулікті емдеудің ең тиімді және ең нәтижелі әдісі болып есептеледі.

Көп жағдайда балалы бола алмаған жұптар «Қанымыз сәйкес келмейтін шығар» деп ойлайды. Медицинада оны «Резус-конфликт» деп атаймыз. Әйел адамдарда теріс резус, ал құрсақтағы балада оң резус болса, резус-конфликт орын алып, 14-20 апталарда түсік болуы мүмкін. Яғни, жүктілік болады, бірақ бала тұрақтамайды. Оған да денеден тыс ұрықтандыру әдісі көмектесе алады. Онда аталық-аналық ұрықтарды қосып, теріс резусты эмбрионды таңдап салуға болады. Осылайша, баланы аман-есен дүниеге әкелуге болады.

Біздің пациенттердің арасында сирек (1-2%) кездесетін жайт - ер адамдардардың аталық ұрығының мүлдем болмауы, аталық бездің ұрық шығармауы. Шәуетте аталық ұрық болмаса, ота арқылы аталық безден ұрық алуға болады. Ал аталық безде ұрық болмаса, емдік шаралар жасап көреміз. Тіпті одан пайда болмаса ғана, өзге донорлық ұрыққа жүгінуге болады. Әйелдерде де аналық ұрық болмаса, донорлық ұрық арқылы климакс жағдайында да құрсақ көтеріп, бала табуға болады. Менің тәжірибемде 54 жастағы әйел аман-есен босанып алды, 52 жастағы әйел егіз тапты. Жалпы, денсаулық мүмкіндік берсе, денеден тыс ұрықтандыруда ешқандай жас шектеуі жоқ.
null

- «Жасанды ұрықтандыру» процесі қалай жүреді? Жалпы процесті кезең-кезеңімен түсіндіріп беріңізші?

- «Жасанды ұрықтандыру» сөзінің өзі халықтың санасын аздап адастыратын тәрізді. Жасанды, басқа біреудің ұрығын салғандай қабылдайды. Шын мәнінде, әйел ағзасында қосыла алмаған аналық және аталық ұрықтарды сыртқы ортада біріктіріп, жатырға саламыз. Сондықтан да, бұл процесті «Денеден тыс ұрықтандыру» деп атаймыз. Ең алғашқы кезеңде - ер мен әйелдің ағзасын тексеріп, қандай бағытта жұмыс істеу қажеттігін анықтаймыз. Әйелдің жатырын, аналық без қызметін, ер адамның шәуетін тексеріп, қарсы көрсеткіштер немесе алдын ала емдейтін сырқаттар жоқ па, соны анықтаймыз.

Екінші кезең - аталық және аналық ұрықтарды қосу. Етеккір басталған соң, аналық безде әдетте ай сайын 5-6 немесе 10 аналық ұрық пайда болады. Оның арасынан біреуі ғана өсіп, пісіп-жетіледі. Сондықтан, әйелдің басым көпшілігі бір ғана құрсақ көтереді. Бірақ, мүмкіндікті үлкейту үшін, денеден тыс ұрықтандыруда стимуляция әдісі қолданылады. Етеккір басталған сәттен дәрілік заттарды қолданып, бірнеше ұрық шығарып алуға тырысамыз. Әйелдің ағзасы бірдей сапалы ұрық шығаратын фабрика-зауыт емес. Әр ағзаның өз ерекшелігі бар. Сондықтан 10 аналықтың ішінен бес-алтауы ұрықтанды дейік, арасынан үш-төртеуі сапалы дамыды дейік. Оларды 3-5 күнде зертханада қадағалаймыз. Үшінші кезең - жатырға 1-2 эмбрион таңдап салып, әрі қарай жүктілік мүмкіндігін көтеретін дәрілік заттарды қабылдайды. Орта есеппен денеден тыс ұрықтандыруда стимуляция жасау, эмбрионды ұрықтандырып, өсіріп салу кезеңі 16-20 күндей уақыт алады. 12-14 күннен кейін жүктілік болды ма, жоқ па, белгілі болады.

Егер 4-5 жақсы эмбрион шықса, оның біреуін салған соң, қалған эмбриондарды қатырып, сақтап қою әдісі дамыған. Бұл оның сапасын жоғалтпайды. Өз тәжірибемде бір рет алынған аналық ұрықтардан төрт перзент сүйген жұп бар. 30 жасында жиырмаға жуық ұрық алып, 8 эмбрион шығардық. Оның екеуін салғанымызда, жатырға бала бітіп, екі қыз дүниеге келді. Екі жылдан кейін тағы бір эмбрион салып, тағы қыз бала туды. Бірақ, қазақтарда ұл табу керек деген жазылмаған заң бар. Пациентіміз тағы екі жылдан кейін ұрық салдырып, ұл босанып алды. Ол кісінің әлі 4 эмбрионы сақталып тұр. Қазір ол әйелдің жасы 38-де. Бұл жаста сапалы эмбрион шығуы екіталай. Яғни, қатыру әдісі 30 жастағы сапалы ұрықты сақтауға көмектесіп отыр. Қазір бір еттеккір циклында стимуляция арқылы ұрықты алып, оны қатырып сақтап, әйелді бір-екі ай демалдырып барып ұрық салғанда бала көтеру мүмкіндігі 50-60% дейін жоғарылайды.
null

- Пациенттеріңіздің арасында бірінші талпыныстан бала көтерген әйелдердің үлесі қанша?

- Орта есеппен 40% бірінші талпыныстан сәби сүйеді. Көп жағдайда екінші талпыныстан көтереді. Кейде екі-үш рет тырысып, бала сүйе алмайтындар да бар. Себебі, 38-40 жастан асқан әйелдер келсе, олардан сапалы ұрық алу мүмкіндігі аз. Бірақ, ол өз ұрығынан бала көтергісі келеді. Ай сайын бірдей сапалы ұрық шықпайды. Тіпті 20 жасар дені сау қыздың өзі тұрмысқа шыққанда, бала көтеруін 1 жылға дейін күтеміз. Бірінші айда болмаса, екінші, үшінші, тіпті жетінші айда көтереді. Сол үшін, ай сайын мүмкіндік те әртүрлі. Өзімнің байқағаным, егер ерлі-зайыптылар бір-бірін қолдап отырса, нәтижеге тез жетеді. Кей адамдар бірінші сәтсіздіктен-ақ, қолын бір сілтеп, бір-бірін айыптап жүргенде айырылысып тынады. Әсіресе, әйелдерге қиын. Себебі дәрілік заттарды да әйел қабылдайды, көтермей қалса, жан-жақтан, ағайын-туыстан әйелге қысым жасалады. Эмбрион салғаннан кейін «Қанша қаражат жұмсап, бала көтермей қалсам не болады?» деген қорқыныш-күйзелістің өзінен нәтижелілік төмендейді. Мұны да емдік әдіс ретінде қарап, барынша рухани қолдау көрсету керек.

- Қоғамда ЭКО туралы қандай стереотиптер, мифтер өте көп. ЭКО және табиғи жолмен туған балалардың иммунитетінде, денсаулығында өзгешеліктер бола ма? Оларға күтім көрсетуде айырмашылықтар бар ма?

- Расында да, ЭКО-ның айналасында мифтер өте көп. Жоғарыда түсіндіріп өткенімдей, біз тек ағзада қосыла алмаған ұрықтарды сыртта байланыстырамыз. Әрі қарай, баланың денсаулығы жүктіліктің 9 ай дамуына, ана күтіміне байланысты болмақ. Қайта ЭКО арқылы жүкті болғандар өзге әйелдермен салыстырғанда, анағұрлым күтініп, өз денсаулығына көбірек мән беретін сияқты. Сондықтан, денеден тыс ұрықтандырудан туған баланың өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ.

Тарихқа зер салсақ, 1970 жылдардан бастап, бедеулікті емдеу жолдары іздестірілген. Алғаш рет британдық биолог Роберт Эдвардс пен акушер-гинеколог Патрик Стептоу денеден тыс ұрынқтандыру әдісін қолданған. Бірінші жүктілікке жету үшін 600-ге жуық нәтижесіз талпыныс болды. 1978 жылы алғашқы дені сау бала - Луиза Браун дүниеге келді. Луизаның жасы қазір қырықтан асты, екі баланы табиғи жолмен дүниеге әкелген. Яғни, ЭКО арқылы туған балалардың ұрпағы болмайды деген сөз шындыққа жанаспайды. Ресейде де алғаш рет ЭКО әдісімен пайда болған Елена Донцова табиғи жолмен бала тапты. Қазақстанда да 1996 жылы денеден дыс ұрықтанырудан қыз бала дүниеге келді. Қазір оның жасы 22-де. Ұлыбританияда оқып жатыр. Дені сау, бойы ұзын, ақылды, сымбатты қыз. Тұрмысқа шықса, ол да қалыпты адамдар секілді сәби сүйе алады.

Дүниежүзілік ғалымдар ЭКО арқылы туған балалардың денсаулығын жан-жақты зерттеп, осы әдіс балалардың денсаулығына еш зиянын тигізбейтінін мойындаған соң, 2010 жылы ғана биолог Роберт Эдвардсқа Нобель сыйлығын берді. Себебі әдіс нәтижесін әлем ғалымдары 30 жыл күтті, зерттеді. Қазіргі уақытта әлемнің алдыңғы қатарлы елдері өз халқына квота немесе сақтандыру арқылы осы әдісті қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Ешкім өз халқының жауы емес қой. Біздің елімізде де денеден тыс ұрықтандыруға квоталар беріліп жатыр.

- Мифтер тақырыбын түйіндесек, денеден тыс ұрықтандыруда балалардың жынысын алдын ала белгілей аласыздар ма?

- Қазақстанда жыныстық селекцияға заң жүзінде тыйым салынған. Белгілі бір жыныстағы эмбрионды жасап шығару да мүмкін емес. Бірақ, кейбір генетикалық сырқаттар бар. Мәселен, бір жанұяда жыныстық Х хромосомамен берілетін генетикалық сырқат бар делік. Яғни, ол үйде қыз бала сырқат болып туады. Бұл жағдайда эмбриондарға генетикалық талдау жасап, арасынан ұлды таңдап салуға негіз бар. Ұлдар арқылы берілетін сырқаттар болса, дені сау қыздарды таңдап салу керек. Яғни, тек айрықша жағдайлар бойынша ғана таңдауға жол беріледі. Денеден тыс ұрықтандыру - тек қана бедеулікті емдеудің жолы. Оған кез келген дені сау адам келіп, ұл-қыз керек деп тапсырыс жасай алмайды.

- Бір жылда бала көтермеген жұптың дабыл қағуы дұрыс па? Балалы болуды аңсап жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Егер бір жылда тұрақты жыныстық қатынас болып, жатырға бала бітпесе, бұл «денеден тыс ұрықтандыру әдісін жасау керек» деген сөз емес. Бұл тек дәрігер қарауына жазылып, тексеруден өту керек деген сигнал. Аталық ұрықты тапсырып, сапасын тексеру керек. Әйел адамның гормондық бұзылыстарын, жатыр түтікшесін тексеру қажет. Емдік шаралар жасап, дайындалған жөн. Егер барлығы жақсы болса да, 3-4 жылда болмаса, емдік шаралар көмектеспесе, уақыт жоғалтпай, ЭКО әдісіне жүгінген жөн шығар. Одан бөлек, психологиялық бедеулік ұғымы бар. Әйел адамның бар назары балада болса, уайым мен күйзелісте жүрсе, бала болмайтын жағдайлар кездеседі. Дәрігерге қаралып, денсаулығында ақау жоқ екенін білген соң психологиялық сенімі артып, табиғи жолмен көтеріп кеткен әйелдер бар.

Жеке өз басым жастардың ерте жыныстық қатынасқа түсуіне қарсымын. Қазір жоғарғы сынып оқушыларының да жыныстық қатынасқа түскенін естиміз. Тұрмыс құрғанша жыныстық қатынастың болмағаны дұрыс деп есептеймін. Ерте жыныстық қатынас, бірнеше серіктестің болуы - жыныстық жолмен берілетін сырқаттардың негізгі себебі. Әрі қарай түсік жасату - бедеуліктің бір себебі. Бедеулік те жыныстық мүше сырқатына жатады. Дәрімен немесе хирургиялық жолмен түсік жасатудың өзі әйелдің гормондық бұзылыстарына, аналық бездің қызметіне кері әсер етеді. Физиологиялық тұрғыда дамып келе жатқан жүктіліктің күрт үзілуі бүкіл ағзаға ықпал етеді.

- Қаражаттың болмауынан қолы қысқарып, сәби сүйе алмай жүргендер бар. Денеден тыс ұрыұқтандыру әдісіне квота медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енген шығар? Квота арқылы еліміздегі ерлі-зайыптыларға неше мүмкіндік беріледі?

- Менің ұстазым Салтанат Байқошқарова - халықтың мүддесін жоғары қоятын, патриот адам. Өзі де отбасын құрып, жеті жылдан кейін сәбиін қолына алды. Өзінде бедеулік мәселесі болғандықтан, шет елдерден ізденіс жасап, 1995 жылы Қазақстанға Денеден тыс ұрықтандыру әдісін енгізді. Ол кісі баласыз жұптың мұң-шерін жақсы түсінеді. Қазір де орталығымыздың мамандары бұл қызметті халыққа қолжетімдірек ету бағытында жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, аз дозалы стимуляция немесе табиғи циклдағы ЭКО-ны қолдаймыз. Ол үшін мықты зертхана керек. Бір-екі аналық ұрықтан сапалы эмбрион өсіру үшін зертхана мен қызметкерлер өте жоғары деңгейде болуы керек. Біздің зертхана өте үлкен салымды қажет етеді. Қазір бір циклы 300-400 мың теңгелік бағдарламалар бар. Жалпы денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасының негізгі құны - 350-450 мың теңге аралығында. Қалған қаражаттың барлығы аналық ұрықты көбірек өсіріп, мүмкіндікті жоғарылатуға кетеді. Дәрілік заттардың өзіне - 500-600 мың теңге жұмсалады. Себебі, дәрінің барлығы шетелден келеді, бағасы өте қымбат. Арзан дәрілердің болуы бізге де тиімді болар еді. Ал әзірге дәрілерді азырақ қолданып, арзандау бағаға жасауға тырысамыз.

Елімізде Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында мемлекет тарапынан жыл сайын 900 квота бөлінеді. Сегіз жылда 2 мыңнан астам бала осы квотаның арқасында дүниеге келді. Бұл да өте жақсы көрсеткіш. Әлем бойынша, ЭКО әдісімен туған балалар саны 6 миллионнан асты және олардың саны жыл сайын артып келеді. Еуропалық репродуктивті медицина қауымдастығының есебі бойынша, сұранысты толық қанағаттандыру үшін миллион адамға жылына мың цикл жасалуы керек.

Ресейде сақтандыру медицинасы бойынша денеден тыс ұрықтандыруға жылына 2 талпыныс жасауға мүмкіндік береді. Ал бізде ерлі-зайыптылар кезекке тұрады да, 3-4 жыл кезегін күтеді, сондағысы оларға 1 ғана мүмкіндік беріледі. Кейде әйелдің, жанұяның, клиниканың айыбынан емес, табиғи ерекшеліктерге байланысты бала көтере алмауы мүмкін. Сондықтан, Қазақстандағы 900 квотаны кем дегенде 5-6 есеге көбейтіп, мүмкіндіктерді арттыру керек деп есептеймін.

- «Түтіктен пайда болған» балалар шындықты қалай қабылдайды? Моральдық соққы келтірмеу үшін ата-аналар не істеуі керек?

- Өкінішке қарай, біздің қоғам ЭКО әдісімен туған балаларды әлі де қабылдамайды, цирктегі аң секілді қызықтайды. «Ана баланы ЭКО-мен туған» деп маған келіп айтса, мен үшін ол - қалыпты бала. Себебі мен - маманмын, түсінемін. Ал халықтың көзқарасына байланысты көптеген ата-ана қандай жолмен балалы болғанын жасыруға мәжбүр.

Бізге келіп, балалы болған жұптар өз таныстарын жіберерде «Біздің ЭКО жасатқанымызды айтпаңызшы» деп өтінеді. Біздің қоғам әлі дайын емес. Сондықтан, қоғамымыз дайын болғанша, дәл қазіргі уақытта балаға ештеңе айтпаған да дұрыс шығар. Себебі, олардың өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ.

- «100 есім жобасы» өзіңізге, қызметіңізге қалай әсер етті? Жауапкершілікті сезіндіңіз бе? Қоғамдық шараларға атсалысып жүрсіз бе?

- Бұл мемлекет тарапынан алған бірінші кәсіби марапатым шығар. Жобаға анкетамды әріптестерім ұсынған екен, оны бірнеше күннен кейін білдім. Өзім, әрине, күмәндандым. Себебі, мемлекеттің 100 есімінің бірі болу деген мақсатым болған да жоқ. Өзімнің жақсы дәрігер болсам деген арманым болды. Сол жолда жұмысымды атқарып жүре бердім. Жұмыстың көп болғанынан, артыма қарауға да мүмкіндік болмапты. Осы жобаның арқасында қызметіме қалай келгенімді есіме түсіріп, өткеніме көз жүгірттім (күлді). Көңілде бір күмән болды. «Лайықпын ба?», «Халық дауыс бере ме, жоқ па?» деген сұрақтар болды.

Әлеуметтік желіде мүлдем отырмаймын, себебі уақытты көп алады. Сондықтан, баласы беске толған, онға толған бұрынғы пациенттерім SMS жазып, хабарласып, қолдау көрсетті. Жұмыста күніне 50-60 адам қабылдаймын. Олар да маған дауыс бергендерін айтып, жылы лебіздерін аямады. Жобадан кейін өмірім қатты өзгерді деп айтпаймын. Сол күйі жұмысымды істеп жүрмін. Бірақ, халық сенім білдіргеннен кейін өзіңді басқаша ұстай бастайсың. Жауапкершілік бұрынғыдан 10-15 есеге артып кетті. Дегенмен, бала кезден анамыздан естіп өскен сөз бар: «Ұлық болсаң, кішік бол». Көкірек керіп, құр мақтанға салыну бізге жат.

Қоғамдық шараларға келсек, «100 жаңа есім» жобасынан кейін өзімнің болашақ әріптестерімді, репродуктолог мамандарды оқытуға жол ашылады деп ойлаймын. Астана медициналық академиясының студенттеріне дәріс беруді ұсынды. Одан бөлек, өңірлерге барып, Орал, Павлодар, Көкшетаудағы дәрігерлермен кездесу өткіздім.

- Денеден тыс ұрықтандыру әдісі 1970 жылдардан бері бірнеше даму сатысынан өтті. Енді бұл саланы қандай болашақ күтіп тұр? Келешекте адамзат үшін тағы қандай мүмкіндіктер ашылады?

- Қазіргі уақытта генетикалық сырқаттардың, қандай да бір моногенді сырқаттардың қаупі жоғары. Бұл саланың дамуы генетикамен тығыз байланысты. Бірінші бағыт - қандай да бір генетикалық сырқаттардың алдын алу мүмкіндігі. Яғни, дені сау эмбриондарды сұрыптап алу жолы. Екінші бағыт - адамның репродуктивтік мүмкіндігін қатыру технологиясы (Витрификация) арқылы сақтап қалу. Мысалы, онкологиялық сырқатқа шалдыққандарда, әсіресе жасөспірім балаларда Лимфома Ходжкина сынды қан аурулары жиі кездеседі. Химиялық терапия жүргізілген соң, олардың 90-95% жазылып кетеді. Бірақ, химиялық терапияға байланысты ұрығы болмай қалуы мүмкін. Сондықтан, екінші бір бағыт - балалардың емге дейін аталық ұрығын алып, сақтап қойып, жазылған соң, өз баласы болатындай мүмкіндік жасағымыз келеді. Немесе әйелдерде де химиялық сәулелі терапиядан кейін аналық без жұмыс істемеу қаупі бар. Емге дейін аналық ұрықты алып, қатырып қойып, сырқаттан айыққан соң, өзі бала табатындай мүмкіндік жасағымыз келеді. Қазір астанадағы және өңірлердегі онкологиялық диспансерлермен тығыз қатынас орнаттық, бірнеше маман осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Солардың көмегімен репродуктивті жастағы ерлер мен әйелдерге осылай сақтануға болатынын айтқымыз келеді.

null

Соңғы жаңалықтар