Экология министрімен сұхбат: Экокодекс, Бозжыра және экотуризм

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жыл Қазақстан экологиясы саласындағы ауқымды реформалардан басталды. 2 қаңтарда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экологиялық кодекске қол қойды. Кодекс қабылданған соң не өзгереді, ол қандай экологиялық мәселелерді шешуге бағытталып отыр? Осы және өзге де маңызды мәселелер туралы ҚазАқпарат тілшісі ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен сұхбаттасты.

- Мағзұм Маратұлы, жаңа экологиялық кодекстің маңызды сәттерін атап беріңізші. Тұтастай алғанда, кодекс бүгінгі талаптарға сай жасалды ғой?

- Жаңа экологиялық кодекс бірнеше жыл бойы әзірленді және талқыланды. Бәрін ойластыруға уақыт қажет болды. Экологиялық және экономикалық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету маңызды болды. Кодекстің ЕЫДҰ мен ЕО елдерінің тәжірибесі негізінде әзірленгенін атап өткім келеді. Әрине, қысқа мерзімде барлық экологиялық мәселені шешу мүмкін емес. Алайда, тиімді тетіктерді әзірлеу және біртіндеп экологияландыру жағына ауысуға әбден болады.

Жаңа Экокодекстің негізгі тармақтарына тоқталсақ, бұрын қолданыста болған «Төле де, ластай бер» қағидаты енді «Ластауыш төлейді» қағидатына ауысады. 2019 жылы атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының көлемі 2 млн тоннадан асқанын ескерсек, бұл өте өзекті шара. Енді табиғатты пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндеттеледі, ол үшін қатаң бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ, ауаның, судың, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделген. Еуропада осындай шаралар арқасында шығарындылар 15 жылда 94%-ға төмендеді. Бізде бұл кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Алдымен озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) ластанудың 80%-ын құрайтын өнеркәсіптің 50 ірі кәсіпорнына енгізу жоспарлануда.

ЕҚТ енгізбейтіндерге эмиссия үшін төлем бірнеше есеге артады. Осылайша, кәсіпорындар өз өндірісін жаңғыртуға және жаңа экологиялық технологияларға көшуге ынталы болады.

Сондай-ақ Кодекс аясында стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) жүргізіледі. Бұл жаңа өте тиімді құрал. Мысалы, суармалы жерлердің көлемін кеңейту кезінде СЭБ жүргізілгенде, Арал апаты болмас еді. СЭБ қандай да бір жобаны іске асырудың қоршаған орта мен адамдардың денсаулығы үшін қандай салдар әкелуі мүмкін екенін анықтайды.

Кодекстің басқа да маңызды нормалары арасында қоршаған ортаға әсерді бағалаудан (ҚОӘБ) өту тәсілдерін жеңілдету бар. Мұнда басты назар шынымен экологиялық қауіпті нысандарға аударылатын болады. Сондай-ақ өндірістік экологиялық мониторингті міндетті автоматтандыруды енгізу арқылы деректер барлығына онлайн қолжетімді болады, қоқысты шығару бойынша көлікте GPS-датчиктерді орнату міндетті болады. Сонымен бірге, жаңа талаптар бойынша қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін арттырғаны үшін әкімшілік айыппұл 10 есеге артты.

- Қазақстанның ірі қалаларының экологиясын жақсарту үшін қандай шаралар жасалып жатыр? 10 қаланың лас қалалар тізіміне тұрғаны хабарланған еді.

- Иә, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 10 қалада ауа ластануының жоғары деңгейі тіркелді. Жаңа экологиялық кодекс аясында қазіргі көрсеткіштерді ластануды азайту жағына қарай өзгертуді көздеп отырмыз. Әрине, кодекстің жаңа талаптарын орындау үшін уақыт қажет, сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұртшылықпен онлайн кездесулер өткіздік, өңірлердегі проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқыладық. Оған 25 мыңға жуық адам қатысты. Жақын арада нәтижелерге қол жеткізу үшін осы онлайн-талқылаулардың қорытындыларына сәйкес, әр өңірге жеке-жеке 16 жол картасы әзірленді. Онда өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар жазылған. Тоқсан сайын бекітілген жол карталарының орындалуы туралы есептік кездесулер өткізіледі.

Талдау көрсеткендей, еліміздегі негізгі экологиялық проблемалар – ауаның, жерүсті суларының ластануы, қалдықтармен жұмыс істеудің жетілдірілмеген жүйесі және «баяғы» ластанулар болып отыр.

Осыған байланысты, жол карталарының іс-шараларын орындау айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді: мысалы, 10 қалада атмосфераның ластану индексі көрсеткішін жоғарыдан орташа деңгейге дейін төмендету, 7 жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын салу және 12 ескі кәрізді жаңарту, 24 жаңа полигон салу және 5 толы полигонды рекультивациялау және жою.

- Қазақстанда экотуризмді дамытуға ойыссақ, қандай жаңа бағыттар жоспарланып отыр?

- Қазір экологиялық туризмді дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлудеміз. Бұл шара бірегей табиғи нысандарды сақтау үшін маңызды болмақ. Өздеріңізге белгілі, бұл бағыт бізде аса дамымағандықтан, залал бірінші кезекте біздің табиғатқа келеді. Бұл саладағы маңызды мәселе – азаматтардың экологиялық мәдениеті. Сондықтан қазір айқындаушы шаралар қажет. Ең алдымен, әлемдік тәжірибені ескере отырып, біз Іле-Алатау, Шарын, «Алтын Емел» және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінің экологиялық туризмді дамыту тұжырымдамаларының тұсаукесерлерін өткіздік. Мұнда негізгі назарды туристік маршруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға, күрделі құрылыссыз-ақ туристік нысандар салуға бөлдік. Сондай-ақ, тұжырымдамаларда заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ-ауыл және караванинг (керуен) орындарын құру қарастырылған.

2025 жылға қарай аталған ұлттық парктерге 31 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тарту жоспарлануда, 2 млн-нан астам турист келіп, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде.

- Әлеуметтік желілерде Бозжыра шатқалы мәселесі әлі де қызу талқыланып келеді. Азаматтар қол жинап, аумақта қонақ үй құрылысына тыйым салуды талап етуде. Бұл мәселе қалай шешіледі?

- Бұл мәселе экологиялық туризмді дамыту тақырыбымен тығыз байланысты. Мұндағы әңгіме – қоршаған ортаға зиян келтірмейтін экотуризмді дамыту екенін атап өткім келеді. Біз де барлығы сияқты бірегей табиғи нысандарға зиян келтірмеуге ниеттіміз. Сондықтан Мемлекет басшысының Бозжыра шатқалындағы Маңғыстау өңірінің экологиясына, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне ең аз әсер ететін қонақ үй құрылысын қайта қарау тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік 2020 жылдың желтоқсанында Мәдениет және спорт министрлігімен және Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірдің қоғам қайраткерлерімен, ғалымдармен, шетелдік сарапшылармен, жергілікті экобелсенділермен және инвесторлармен кездесу ұйымдастырды.

Олардың барлығы ұйымдастырылған туризм қажет деген пікірге тоқтады. Қоғам белсенділері тиісті инфрақұрылымы бар қонақ үй құрылысы жобасын қолдады. Жергілікті экожүйенің теңгерімін сақтау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Нәтижесінде инвесторлар «Жабайұшқан» мемлекеттік табиғи қорықшасы аумағынан тыс қонақ үй салу туралы шешім қабылдады.

Қазіргі уақытта Бозжыраның оңтүстігінде 4 шақырым қашықтықта, қорықша аумағынан тыс жерде бутик-қонақ үй құрылысына ең ықтимал нұсқа қарастырылуда.

- Экология министрлігі жасыл көшеттерді кесу үшін жазаны күшейтуді ұсынды. Ағаш кесу фактілері елде қаншалықты жиі тіркеледі?

- Маңызды сұрақ. Қазір тұтас елімізде ауа жағдайын жақсарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Экокодекс қабылданды, Президент 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу жөнінде өр міндет қойды. Біз «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды жоспарладық. Осы жұмыс аясында бүкіл ел аталған міндеттерге бағытталып отырғанда ағаштарды заңсыз кесу оқиғалары орынсыз. Еліміздің табиғи ресурстарына ұқыпты қарау керек. Бір үлкен ағаш өсіруге ондаған жылдар қажет болады.

Өкінішке қарай, соңғы кездері елдімекендерде, үй салу кезінде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу және зақымдау жиілеп кетті. Осыған байланысты біз мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жазаны қатайту шараларын пысықтадық. Ол үшін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге, атап айтқанда, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге, Жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қорғаудың үлгілік қағидаларына, Орман заңнамасын бұзудан келген залал мөлшерін есептеуге арналған базалық мөлшерлемелерге өзгеріс енгізілді. Енді осы жұмыс нәтижесінде құқық бұзушылар үшін айыппұл 1000 АЕК-ке дейін өсуі мүмкін, оның үстіне 160 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылу немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу шаралары қарастырылады.

Заңсыз ағаш кесуді есепке алу жұмыстары күн сайын жүргізіледі, сондай-ақ апта сайын республика бойынша ақпарат жиналады. Заңсыз ағаш кесу және орман өрттері бойынша космомониторинг үнемі жүргізіледі. Өткен жылы мемлекеттік орман қоры аумағында заңсыз ағаш кесудің 296 жағдайы анықталған.

- Жануарларды қорғау туралы заң жобасы қалай әзірленіп жатыр? Оны қабылдау қашанға жоспарланып отыр?

- «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын депутаттардың, жануарларды қорғаушылардың қолдауымен дайындадық. Негізгі мақсат – жануарларға қатігездіктің жиі кездесетін фактілерін жою. Қазір заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр, жұмыс топтары құрылды, онда талдау жүргізіліп, заңнамалық нормалар талқыланып жатыр. Заң жобасы бойынша барлық қажетті шаралар жүргізілген соң қабылданады деп күтіп отырмыз.

- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар