Екпе алмаған балаларды балабақшаға кіргізбейді – Бекшин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары – бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин екпе жасалмаған балалар балабақшаларға кіргізілмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынында да, мектепке дейінгі ұйымдарға біздің күнтізбелік жоспарға сәйкес, вакцинациядан өтпеген балалар кіргізілмейді. Бұл шектеудің екпеге медициналық тұрғыда қайшылығы бар балаларға қатысы жоқ. Не үшін олай еттік? Себебі, екпе медициналық тұрғыда ағзасына кері әсер ететін балалар да бар. Яғни, оларға екпе жүргізілмейді», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Жандарбек Бекшин өз сөзінде ұжымдық иммунитет ең жоғары қойылуы керектігін атап өтті.

«Балаларды қалай қорғаймыз? Олар вакцинация жүргізгісі келмейтін адамдардың тұтқыны болды да қалды. Ұжымдық иммунитет туралы сөз қозғап отырмыз. Егер біз халықтың 95 пайызына екпе жасасақ, екпе жасалмауы тиіс адамдар тобын қорғап қаламыз. Туғаннан иммунодефицитпен өмір есігін ашатын балалар бар», - деді ол.

Оның айтуына қарағанда, балабақшаға бармас бұрын ата-ана учаскелік педиаторға барып, денсаулық паспортын алады. Ол құжатта баланың дені сау, вакцинацияланғаны туралы мәлімет болуы керек.

«Яғни, баланы балабақшаға апаруға болатыны ол құжатта жазылады. Егер ондай қорытынды денсаулық паспортында болмаса, мектепке дейінгі ұйым басшысының оны кіргізуге құқығы болмайды. Егер басшы бұл талапты бұзатын болса, тексеріс кезінде бұл фактінің барын білсек, бастабында онымен, баланың ата-анасымен де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер ол ары қарай да бұл шектеуді қабылдамаса, онда басшыға тиісті ұйғарым беріледі. Ұйғарым орындалмаса, іс сотта шешіледі», - деді Жандарбек Бекшин.

Еске сала кетсек, Мәжілісте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының жаңа редакциясын таныстыру барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов құжатта мектепке дейінгі ұйымдарға егілмеген балаларды кіргізуге тыйым салынатынын жеткізген болатын.

Соңғы жаңалықтар