ЭКСПО үшін салынған үйлерді қаншаға сатып алуға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде салынған үйлердің бағасын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЭКСПО аумағында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешеніндегі баспаналардың шаршы метрінің құны сатып алудың таңдалған әдісіне байланысты өзгермейді. Яғни, тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 399 900 теңгені, ал көлік орны 735 000 теңгені құрайды», - деді Асқарбек Өсербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Хабарланып отырғандай, бір бөлмелі пәтерлердің аумағы 39,6-дан 51 шаршы метр, екі бөлмелілер 57,1-80,6 шаршы метр, үш бөлмелілер 81,1- 106 шаршы метр, төрт бөлмелілер 105-123,4 шаршы метр аралығында.

«Тұрғын үй жайлылықтың ІІ санатына сай келеді және таза әрленген күйде өткізіледі», - деді ол.

Айта кетсек, отандық және шетелдік делегацияларды орналастыру үшін «ЭКСПО-2017» көрме-кешенінің аумағында көпқабатты 42 үй салынған болатын. Бүгінге дейін олардан 148 пәтер мен 103 көлік орны сатылып кетті. Жылжымайтын мүлікті сатып алуға Digital Baiterek онлайн-платформасы арқылы барлығы 1547 өтінім келіп түскен.

Компания өкіліне сонымен бірге аталмыш үйлерді кімдер сатып алуы мүмкін екені туралы сұрақ қойылды.

«Біздің ойымызша, ЭКСПО аумағындағы үйлерді сатып алуға ең біріншіден жалақысы орташа айлықтан жоғары азаматтар сатып алады. Демек, біздің ойымызша, олар - ірі жетекшілер, бизнес өкілдері, квазимемлекеттік сектордың өкілдері болуы мүмкін. Менің субъективті пікірім бойынша, сатып алып жатқандар астаналықтар деп ойламаймын. Аймақтағы бизнес өкілдері мен элиталар осы пәтерлерге қызығушылық танытуда. Себебі, пәтерлердің орналасқан жерінің өзі, инфрақұрылымы жақсы. Мәселен, тұрғын үйлердің жанында Назарбаев Университеті, Мега Силк Уей, Хилтон қонақ үйі тұр. Президенттің ЭКСПО аумағында жақында Астана хабты ашқанын білесіздер. Бұның бәрін ескерсек, біздің ойымызша, сатып алуға ниет білдіргендер көп болады», - деді Асқарбек Өсербаев.

Еске салсақ, 2018 жылдың 16 қаңтарынан бастап көрме аумағындағы үйлерді сатып алуға өтінімдерді қабылдау уақытша тоқтатылған еді.

Бүгін Асқарбек Өсербаев пәтерлерді сату қайта басталғанын және оларды иеленудің шарттарын атады.

Соңғы жаңалықтар