ЕҚЫҰ елдері Қазақстанға тағы да зор сенім артып отыр – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты «Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер» бөлімінің басшысы Мәдина Жарбосынова сенатор Асқар Шәкіровтың ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып сайлануы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы – ЕҚЫҰ-ның дербес институты. Ол 1991 жылы Мадрид конференциясында Париж хартиясы қабылданған соң құрылды және ол Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ЕҚЫҰ кеңістігіндегі жаңа демократиялық қозғалыс пен өзгерісті білдіреді. Бұл шынында да, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер парламентшілерінің ынтымақтастығы жөніндегі өте құрметті және тәуелсіз институт», - деді М. Жарбосынова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы мен орынбасарлары тағы бір қайта сайлану мүмкіндігімен үш жылға сайланатынын атап өтті.

«Әрине, Қазақстанның екінші рет осындай жоғары сенімге ие болуы, осы лауазымға сайлану мүмкіндігі – Қазақстанның 1992 жылғы қаңтардан бері ЕҚЫҰ-ға қатысқан жылдары алған қызметі мен имиджінің нәтижесі. Кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев та ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті, вице-төрағасы болып сайланғанын білесіздер. Міне, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер Қазақстанға тағы да зор сенім білдіріп отыр», - дейді М. Жарбосынова.

Сарапшы Парламенттік Ассамблеяның өзінің жыл сайынғы сессияларында ЕҚЫҰ-ға мүше елдерде заңнама мәселесін талқылайтынын, ұсынымдық сипаттағы және қазіргі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған қандай да бір шешімдер мен қарарларды қабылдайтынын айтты.

«Мәселен, өткен жылы пандемияға байланысты және халықаралық ынтымақтастық аясында COVID-19 таралуының алдын алу және оның салдарын шешуге ықпал ету туралы көптеген мәселелер болды. Демократияландыру мен заңның үстемдігі де адам құқығы мәселелерімен көп байланысты. Жалпы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясында үш комитет бар – саяси мәселелер, экономикалық мәселелер және демократияландыру мен адами өлшем мәселелері жөніндегі комитеттер», - деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, мәселелер ең алдымен осы комитеттерде талқыланады, содан кейін жалпы сессияда қарар қабылданады.

«Менің ойымша, А. Шәкіровтың тәжірибесін, кәсіби білімін, дипломатиялық және мемлекеттік қызмет тәжірибесін ескере отырып, осы лауазымға сайлануы Қазақстанның қазіргі жоғары имиджінің көрсеткіші ғана емес, Парламенттік Ассамблеяның өзіне де тиімді болады. Менің ойымша, ол парламентаралық ынтымақтастық деңгейінде өрбитін диалогқа қажетті іскерлік ноталар енгізе алады», - деп түйіндеді М. Жарбосынова.


Соңғы жаңалықтар