«Ел үміті»: Елбасы қоры салалық менеджерлерді даярлауға кіріседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент қоры ҚР Үкіметімен бірлесіп өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасын іске асыруға кіріседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдарлама Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясында әзірленген және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың экономика мен әлеуметтік саланы мемлекеттік басқаруда жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігі туралы тапсырмасын сапалы орындауға бағытталған.

Бағдарламаны Тұңғыш Президент қоры Үкіметпен және АХҚО-ымен бірлесіп жүзеге асырады. Оның басты мақсаты- салалық кәсіби тұлғаларды табу және оларды экономиканың басымдықты салаларында өзгерістерді басқаруда көшбасшылар ретінде одан әрі даярлау.

2019 жылы 27 қарашада талантты жастармен өткен кездесуде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев экономиканың түрлі салаларында кәсіби мамандардың қалыптасуының маңыздылығын атап өтті.

«Басты талап – ең үздік білім мен әлемнің жетекші компанияларында тәжірибе жинау ғана емес, командада жұмыс істей білу, күрделі міндеттер үшін жауапкершілік ала білу және оларды соңына дейін жеткізе білу. Бағдарлама бойынша іріктелген әрбір маман өзгерістер басқару менеджеріне дейінгі оқытудан өтеді», -деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құру туралы бастамасын қолдау үшін Салалық менеджерлерді оқыту бағдарламасы орта буын менеджерлерінің дамуына ықпал етеді. Бұл мамандар негізгі салаларда маңызды рөл атқарады.

Бағдарлама аясында бірінші кезеңде сауда және логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау және өнеркәсіп (соның ішінде – жаңа индустрия), су ресурстары, өңірлік даму және қалаларды басқару, туризм, мәдениет және спорт, білім беру, денсаулық сақтау және медиаиндустрия секілді 11 саладағы нақты міндеттерді жүзеге асыруға 200 қазақстандық кәсіби маманды тарту көзделген.

Бағдарламаға қатысуға мемлекеттік және жеке секторларда, соның ішінде шетелде тұратын, табысты практикалық тәжірибесі, кәсіби білімі бар (саланы, заңнаманы, саладағы әлемдік трендті білу, ҚР-ның және серіктес елдердің нарықтық жағдайларын түсіну), елді реформалау міндеттерін тиімді іске асыру үшін қажет және мемлекеттің өркендеуіне үлес қосуға ниеті бар ҚР азаматтары шақырылады.

Бағдарламаға қатысушылар бірқатар мамандандырылған курстардан өтеді, жобаларды басқару, өзгерістерді басқару, көшбасшылық, коммуникация, аналитикалық дағдылар саласында қосымша білім мен дағдыларға ие болады; салалық / функционалдық оқытудан өтеді.

Сондай-ақ, олар халықаралық сарапшылармен жұмыс жасаудың ерекше мүмкіндігіне ие болады. Тағылымдама жетекші институттар мен өз салаларындағы кәсіпорындарда өтеді.

Сонымен бірге, теориялық негізден басқа, бағдарламада оқыту жоғарыда аталған салалардағы 49 мәселені шешумен байланысты болады.

Бағдарлама қатысушылары үкімет мүшелерімен және жетекші халықаралық сарапшылармен үнемі байланысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, менторлықтың арнайы бағдарламасы болады.

Тәлімгер ретінде мемлекеттік және жеке секторда, соның ішінде шетелде жұмыс істейтін мамандарды тарту жоспарлануда.

Бағдарламаға жалпы басшылық етуді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бастаған Басқарушы комитет жүзеге асырады. Бағдарламаны іске асыруды ТПҚ Үкіметтің жобалық офисімен бірге қамтамасыз етеді.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлердің өтінімдерін қабылдау 15 қаңтарда басталады. Салалық командаларды іріктеу және қалыптастыру процесі осы жылдың 15 наурызына дейін аяқталады. Бұл жұмыспен арнайы тәуелсіз комиссия айналысады. Кандидаттарды бағалауға, іріктеудің объективтілігі үшін халықаралық сарапшылар тартылатын болады. Бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін [email protected] электрондық поштасына жазуға болады.

Сала жетекшілерін даярлауға арналған жаңа бағдарлама үміткерлердің кәсіби өсуіне, жекелеген салалардағы сарапшылардың деңгейінің жоғарылауына және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуына жол ашады.



Соңғы жаңалықтар