Эльвира Әзімова: Президент тапсырмасы барлық өңірде бірдей орындалып жатқан жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова Мемлекет басшысының қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың жазасын жеңілдету туралы тапсырмасының кей өңірде орындалмай жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында және прокуратураның атына мәлімдеме жасауға батылы жеткен азаматтарды қудалаудан әрі қысым көрсетуден тыйылуымыз қажет. Прокуратураның БАҚ пен әлеуметтік желідегі қоғамдық резонанс тудырған шағымдарға жедел және жария түрде әрекет етуі маңызды. Процессуалдық іс-әрекеттерді жүргізу барысындағы қатігездік таныту, адвокаттың болмауы, психологиялық қысым көрсету және басқа да заңбұзушылықтар туралы хабарламалар судьялар мен прокурорлардың тарапынан қаперге алынуы тиіс. Бұл әкмшілік жаза туралы сот шешімін шығаруға да қатысты»,-деді Эльвира Әзімова Еуропалық одақ елдерінің адам құқықтары жөніндегі 10 елшісімен онлайн кездеу барысында.

Оның атап өтуінше, 25 қаңтарда еліміздің Бас прокуратурасы қаңтар оқиғасына қатысты 9 257 әкімшілік іс қаралғанын хабарлаған.

Аталған істің жартысына жуығында, яғни 4 584 істе сот айыпталушыларға ескерту ғана берген.

«Жаппай тәртіпсіздікке дейін бейбіт шерудің болғаны мемлекеттік деңгейде мойындалғанын ескере отырып, барлық процессуалдық тетіктерді іске қосу қажет. Осыған орай, Бас прокурордан арнаулы және тергеу прокурорларына жергілікті жерлерде тиісті іс-шараларды қабылдауды тапсыруын өтінемін. Өкінішке қарай, біз Мемлекет басшысының ауырлататын мән-жай болмаған кезде жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың жазасын жеңілдету туралы тапсырмасының барлық өңірде бірдей орындалмағанын байқап отырмыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар