Елбасы әрқашанда халқымен бірге екенін көрсетіп келеді – Мәжіліс төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпар тілшісі.

«Бүгін барша республикалық ақпарат құралдарында Тұңғыш Президенттің арнайы үндеуі жарияланды. Бұл үндеу Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әрқашанда халқымен бірге екенін көрсетіп, халқымыздың ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін береді. Себебі Елбасының көреген саясатының арқасында Тәуелсіздік жылдары бірлігіміз артып, елімізде ірі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жасалып, Қазақстанымыз барлық салада зор табыстарға жетті», - деді Н. Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол еліміздің халқы көмекпен қамтылатынын атап өтті.

«Сонымен бірге, болашаққа арналған Ұлттық қорымыз да бар. Бұл қазіргі күрделі кезеңде халқымызды, әрбір азаматты жан-жақты қолдауға мүмкіндік беріп отыр. Біз бірлікті, келісімді, тұрақтылықты сақтап, уақытша қиындықтан аман-есен шығатын боламыз», - деді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап дамудың негізгі кезеңдерінен өткенін еске сала отырып, Елбасының күш-жігерінің арқасында мемлекетімізде болашаққа қажетті қор жинақталғанына тоқталды. Олар - Ұлттық қор, дамыған экономика, инфрақұрылым және әлеуметтік реформалар.

Мәжіліс төрағасының пікірінше, қазір біз жауапкершілікті арттырып, еліміздің игілігі үшін, әсіресе мұқтаж жандарға қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланумыз өте маңызды.

«Халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз, - деп Елбасы айтқандай, қазақстандықтар қазіргі күрделі жағдайды да жеңе алатынына ешқандай күмән жоқ. Елбасы атап өткендей, бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмауы маңызды. Біз, Парламент депутаттары қазақстандықтарды қазіргі қауіп-қатерден қорғау үшін, ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар заң жобаларына күш-жігерімізді жұмсаймыз», - деп түйіндеді Нұрлан Нығматулин.

Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жарияланды.

«Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады. Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар