Елбасы қоры Алматы облысындағы ауруханаларға жасанды тыныстандыру аппараттарын жеткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Жамбыл ауданының медицина мекемелеріне 15 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді. Covid-19-ға қарсы күрес аясындағы гуманитарлық көмек ретінде берілген аппараттар барлық халықаралық стандарттарға, сапа және қауіпсіздік талаптарына сай, деп хабарлайды Нұрсултан Назарбаев Қорының баспасөз қызметі.

Қордың атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлының айтуынша, к оронавирус пандемиясы әлем үшін күрделі жаһандық сынақ. «Ал оны жеңу үшін мемлекеттердің, азаматтық қоғамның барлық институттарының күш-жігері мен өзара іс-қимылы қажет. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры вируспен күресте көмек көрсетуден тыс қалмақ емес. Елбасының тапсырмасы бойынша елде карантиндік шаралар қабылданған алғашқы күннен Қор дәрігерлерге үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді, олар қажетті медициналық-санитарлық құралдармен, оның ішінде вирустан қорғану құралдарымен қамтамасыз етілді», - деді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қор вируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге, маскалар мен дезинфекциялық құралдар сатып алуға 200 миллион теңге бөлді. Сонымен қатар, Қор Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 50 мыңнан астам маска жіберді.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Оңтүстік Кореяның «SIGONGTECH» компаниясымен бірлесіп ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне вирусты анықтайтын 2000 дана ПТР-тест, 2500 дана R-Guard3000 қорғаныс костюмі және талдау жүргізуге арналған биоматериал жинау контейнерінің 20 000 данасын тапсырды.

Әлкей Марғұланұлы атап өткендей, Қор вируспен күрес шарасында көмек көрсетуді одан әрі жалғастырады.



Соңғы жаңалықтар